KZNews.kz
Қоғам

Астанада ауруханада 9 айлық сәби күйіп қалған

Айжан Сыланова
Фото: видеодан скриншот

Астанадағы медициналық мекемелердің бірінде 9 айлық нәрестенің күйік алуы туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Сәбидің анасының айтуынша, қызы пневмония диагнозымен №3 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөлімінде ем алған. Осы кезеңде баланың аяғы күйіп қалған. Анасы мұны медицина қызметкерлерінің немқұрайлылығымен байланыстырып, емдеу барысында қауіпсіздік талаптары сақталмағанын алға тартты. Оның сөзінше, нәрестенің жағдайы тиісті деңгейде бақылауда болмаған.

Жәбірленуші тарап аталған жағдайға байланысты ресми тексеру жүргізуді талап етіп, жауапты тұлғаларды тәртіптік және өзге де заң аясындағы жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.

Ал Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл дерекке қатысты пікір білдіріп, қазіргі уақытта ауруханада қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатыны хабарланды.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →