Министр уәде еткен «арзан көлік»: Миф пе, әлде халықтың қалтасына жасалған құрық па?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Астанада Ақаба процесінің саммиті өтіп жатыр: Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

Астанада Ақаба процесінің саммиті өтіп жатыр: Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?
Фото: akorda.kz

Астанада «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған Ақаба процесінің халықаралық саммиті өтіп жатыр.

Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн және Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен жоғары лауазымды өкілдері қатысуда, деп хабарлайды kznews.kz.

Саммитке Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар жиналды.

Халықаралық кездесудің басты тақырыбы – жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жағдайында туындайтын қауіпсіздік мәселелері және жаңа қатерлерге қарсы мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейту.

Ақаба процесі дегеніміз не?

Ақаба процесі (Aqaba Process) – 2015 жылы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің бастамасымен құрылған халықаралық диалог алаңы. Оның негізгі мақсаты – терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күресте мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейту, ақпарат алмасу және ортақ қауіп-қатерлерге бірлесіп жауап беру.

Бастама Иорданияның Қызыл теңіз жағалауындағы Ақаба қаласының атымен аталған.

Ақаба процесінің ерекшелігі – қауіпсіздік мәселелерін тек дипломатиялық деңгейде ғана емес, арнайы қызметтер, әскери құрылымдар және халықаралық ұйымдар арасында тікелей талқылауға мүмкіндік беруі.

Алғашқы кезеңде бұл алаң негізінен терроризм мен радикалды ұйымдардың қызметіне қарсы іс-қимылға бағытталса, технологиялардың дамуына байланысты киберқауіпсіздік пен цифрлық қатерлер де өзекті мәселеге айналды.

Мәселен, 2024 және 2026 жылдары Ақаба процесінің жекелеген кездесулерінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, әуе кеңістігінің қауіпсіздігі және жаңа технологияларды реттеу мәселелері қарастырылған. Бұл бастаманың дәстүрлі терроризмге қарсы күрес шеңберінен шығып, технологиялық қауіпсіздікке де назар аудара бастағанын көрсетеді.

Саммит Қазақстанға не береді?

Астанадағы кездесудің Қазақстан үшін саяси және технологиялық маңызы бар.

Біріншіден, бұл – Орталық Азияда Ақаба процесі форматында ұйымдастырылып отырған алғашқы кездесу. Қазақстанның Иорданиямен бірлесіп халықаралық саммит өткізуі елдің өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын дипломатиялық алаң ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

5 қарашада Иордания Королімен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саммиттің Орталық Азияның қауіпсіздік мәселелеріне қатысты көзқарасын халықаралық деңгейде таныстыруға ықпал ететінін атап өтті.

Екіншіден, жасанды интеллектінің қауіпсіздігі Қазақстан үшін барған сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Цифрлық мемлекеттік қызметтердің кеңеюі, қаржы жүйесінің технологиялық жаңаруы және жасанды интеллектіні түрлі салаларға енгізу кибершабуылдардан қорғану қажеттілігін арттырады.

Әсіресе, жасанды интеллект көмегімен жалған бейне және аудиоматериалдар жасау, азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдалану, кибералаяқтық және экстремистік мазмұндағы ақпарат тарату сияқты қауіптер мемлекеттерден жаңа қорғаныс тәсілдерін талап етеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Ақаба процесі Қазақстанға басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеуге, қауіпсіздік құрылымдары арасындағы ақпарат алмасуды дамытуға және технологиялық қатерлерге бірлесіп әрекет ету тетіктерін талқылауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, саммит Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Өңір мемлекеттері үшін трансшекаралық қылмыс, радикализм, интернет арқылы таралатын экстремистік идеология және цифрлық инфрақұрылымның қорғалуы ортақ мәселелер саналады.

Төртіншіден, халықаралық диалог Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы технологиялық серіктестігін кеңейтуіне де жағдай жасауы ықтимал. Алайда мұндай мүмкіндіктердің нақты нәтижеге айналуы саммит қорытындысында қабылданатын шешімдер мен кейінгі келісімдерге байланысты болмақ.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.