Қоғам

Астанада 82 жастағы қария 7 жастағы шөбересіне жасаған қылмысы үшін 20 жылға сотталды

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
Астанада 82 жастағы қария 7 жастағы шөбересіне жасаған қылмысы үшін 20 жылға сотталды
Фото: Ашық дереккөзі

Елордада жеті жасар шөбересіне жыныстық зорлық көрсеткен 82 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Оқиғаның мән-жайын «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі Дина Смайылова Facebook-та жариялаған, деп хабарлайды kznews.kz Qazaqtoday-ге сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай баланың туған күнін атап өту кезінде, туыстар бас қосқан үйде болғаны айтылады. Қор дерегінше, күдіктіні қылмыс үстінде отбасы мүшелері өздері ұстап алған. Кейін мән-жай куәгерлердің жауаптары мен сот сараптамалары арқылы расталған.

Сот 82 жастағы айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Дина Смайылованың жазуынша, қыздың анасы қорға 2025 жылдың 5 сәуірінен 6 сәуіріне қараған түні, баланы сараптамаға апара салысымен хабарласқан.

Құқық қорғаушының мәліметінше, айыпталушы қылмыс жасағанын түсінген: туыстары ұстап алған сәтте қашып кетіп, полиция ұстағанға дейін бір тәулік бойы бой тасалауға тырысқан. Сонымен бірге, отбасы ішінде қарияның жасы үлкен екенін алға тартып, істі сотқа жеткізбеуді ұсынғандар да болғаны айтылды.

Еске салсақ, 2025 жылдың күзінде де кәмелетке толмаған қыздың босануына байланысты ел ішінде резонанс тудырған жағдай талқыланған еді. Соңғы оқиға да қоғамда балалар қауіпсіздігі мен отбасындағы жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz