Астанада биылғы жылдың 29 шілдесі мен 9 тамызы аралығында әлемнің 50-ден астам елінен келген 800 спортшы $4 млн-нан асатын жүлде қорын сарапқа салатын «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл ауқымды спорттық-цифрлық іс-шараның басты технологиялық серіктесі ретінде «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы таңдалған.
Жарыс бағдарламасына отандық ірі брендтер демеушілік жасайтын сегіз түрлі дисциплина енгізілген. Фиджитал спорттың басты ерекшелігі дәстүрлі спорт пен бейнеойындардың бірігуінде, яғни командалар әуелі виртуалды алаңда күш сынасып, кейін нақты спорттық алаңда жарысты жалғастырады және жеңімпаз екі кезеңнің қорытындысы бойынша анықталады. Бұл қатарда фиджитал футбол, баскетбол, жекпе-жек, би, сондай-ақ CS2, PUBG, Dota 2 және MLBB сияқты танымал ойын түрлері бар. Қазақстанның атынан аталған барлық сегіз бағыт бойынша 11 команда өнер көрсетпек.
Осындай күрделі әрі ауқымды жобаны жоғары жылдамдықты интернетпен және цифрлық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету міндеті «Қазақтелеком» операторына жүктелген. Компания мамандары жарыс өтетін барлық алаңдарды өзара байланыстырып, қатысушылар мен көрермендерге үздіксіз байланыс ұсынады. Сонымен қатар Qazsport телеарнасы осы техникалық мүмкіндіктердің арқасында турнирді тікелей эфирде тарататын болады.
Халықаралық доданың салтанатты ашылуы 29 шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Көрермендер қазақстандық әртістердің өнерімен қатар жасанды интеллект графикасы, жарық проекциялары мен робототехника ұштасқан ерекше шоуды тамашалай алады. Негізгі жарыстар осы мұз сарайынан бөлек Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында және Beeline Arena теннис орталығында ұйымдастырылады.
Ауқымды шараны үйлестіруге және қонақтарды қарсы алуға арнайы дайындықтан өткен 1300-ден астам ерікті жұмылдырылып отыр. Samruk-Kazyna қорының қолдауымен өтетін бұл жарыс Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі іс-шараларды ұйымдастыру әлеуетін көрсетеді, ал оған қатысуға ниетті көрермендер билеттерді Freedom Ticketon платформасы мен Freedom SuperApp қосымшасы арқылы сатып ала алады.