Астанада әйелді қатыгездікпен өлтіру ісіне байланысты төрт бұрынғы полиция қызметкері қамауға алынды. Олардың әрекетсіздігі мен қызметтегі салғырттығы қайғылы жағдайға әкелген. Сонымен қатар Астана полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды kznews.kz
Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Төртеуі де бір күн бұрын ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
Сонымен қатар Астана полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары да қызметінен босатылды.
Қайғылы жағдайға дейін полицияға бірнеше рет жүгінген
Оқиға 23 қыркүйек күні кешке болған. Марқұмның бұрынғы күйеуі, 33 жастағы Т. Қамиден экс-жұбайы Жазира Адауова үйдің жанындағы автотұрақта кездескен.
Haval M6 көлігінің ішінде екеуінің арасында жанжал туындап, ер адам 28 жастағы әйелге 13 рет пышақ сұққан. Әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті ұсталды.
Кейін анықталғандай, шабуыл жасаған ер адам бұрын полицияда жұмыс істеген. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан 2026 жылдың шілдесіне дейін қызмет етіп, өз еркімен жұмыстан кеткен. Ерлі-зайыпты ресми түрде 14 қыркүйекте ғана ажырасқан.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары өкілдерінің әйелдің қауіпсіздігіне қатысты бірнеше ескертуге тиісті деңгейде әрекет етпегені анықталған:
2025 жылы 5 маусымда әйелдің экс-күйеуіне алғаш рет қорғау нұсқамасы берілген. Оған әйелге жақындауға, мазалауға немесе қауіп төндіруге шектеу қойылған;
2026 жылы 18 тамызда ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы қайта шығарылған. Сол кезде ол әйелге жеңіл дене жарақатын салды деген күдікке ілініп, қылмыстық іс қозғалған;
21 тамызда прокуратураның тапсырмасымен ер адамға қатысты зорлау фактісі бойынша жеке қылмыстық іс бөлінген.
7 және 9 қыркүйекте ол экс-әйелінің үйіне барып, оны пышақпен қорқытқан.
22–23 қыркүйекте полиция “зорлау” ісін тоқтатқан. Ал прокуратура ер адамның әйелге келтірген жарақатын “жеңіл зиян келтіру” емес, “қинау” ретінде бағалап, істі қайта саралауды талап еткен. Соған қарамастан, күдікті қамауға алынбай, бостандықта қалған.
23 қыркүйекте ол бұрынғы әйелін аңдып барып, автотұрақта оған 13 рет пышақ сұғып, өлтірген.
Қазір Ішкі істер министрлігі Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның арыздары бойынша процессуалдық шешім қабылдаған барлық лауазымды тұлғандың әрекетін тексеріп жатыр.
Бұған дейін Астанада тұрғын үй кешен алдында әйелді бұрынғы күйеуі 16 жерден пышақтап өлтіріп кеткені туралы жазған едік. Оқиға 23 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында Күлтегін көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің алдында болған.