KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Астана соты Бишімбаевтың анасы мен бұрынғы жұбайының арасындағы дауға нүкте қойды

• Қайсар Қанат
Фото: t.me/Jogargy_sot

Дау сенімгерлік басқаруға берілген коммерциялық нысан мен оны жалға беруден түскен табысқа қатысты болған.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы қарашада Альмира Нұрлыбекова өзіне тиесілі нысанды Назым Қаһарманға 2029 жылғы 31 қазанға дейін сенімгерлік басқаруға берген. Кейін Нұрлыбекова жалға беруден түскен табыс өзіне толық берілмеді және қаржы бойынша есеп ұсынылмады деп мәлімдеген.

Сотта талапкер тарапы NazKa жеке кәсіпкерлігінен 14 миллион теңгеден астам қаражат өндіруді, сондай-ақ мемлекеттік баж бен өкіл қызметіне кеткен шығындарды өтеуді сұраған.

Назым Қаһарман талаппен келіспей, сұралып отырған соманың көлемі мен негізі жеткілікті дәлелденбегенін алға тартқан.

Сот тараптар ұсынған банк көшірмелерін, жалға алушылардан түскен қаражат туралы мәліметтерді және өзге де қаржылық құжаттарды зерттеп, талапты ішінара қанағаттандырды.

"NazKa" ЖК-ден 6 665 391 теңге, мемлекеттік баж ретінде 66 654 теңге және өкілдің қызметіне ақы төлеу шығындары ретінде 666 539 теңге өндірілсін", – делінген сот шешімінде.

Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылған жоқ. Сот тек құжат жүзінде расталған, жауапкерге нақты түскен және кейін қайтарылмаған немесе шартта көзделген шығындарға жұмсалмаған қаражатты есепке алған.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы мамырда Салтанат Нүкенованы азаптау және аса қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырылған.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →