Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында қазіргі қызметі, Қырғызстанға сапары және Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақаевтың сөзінше, ол қазір Мәскеуде тұрып, Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде математика профессоры болып жұмыс істейді.
"Білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын. Аспиранттар мен докторанттарды дайындап, ғылыми еңбектер жариялаймын", – деді ол.
Ыстықкөлге 22 жылдан кейін барған
Қырғызстанның бұрынғы басшысы Ыстықкөлге соңғы 22 жылда алғаш рет келгенін жеткізді. Ал ел аумағына бұған дейін төрт жыл бұрын барған.
Оның айтуынша, Қырғызстанға келуіне ешқандай кедергі жоқ. Ақаев сапарға күзетсіз, қызымен бірге келгенін атап өтті.
"Ешқандай проблемам жоқ, қорықпаймын. Күзетсіз жүрмін", – деді экс-президент.
"Жағдайы өте жақсы"
Сұхбат барысында Асқар Ақаевтан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы жайлы да сұралды.
Ол Назарбаевқа ұзақ жылдар бойы құрметпен қарайтынын және араларындағы байланыстың жақсы екенін айтты.
"Нұрсұлтан Назарбаевқа 30 жылдан бері үлкен құрметпен қараймын. Бірге жұмыс істеген адамдардың барлығымен жақсы қарым-қатынастамын", – деді Ақаев.
Журналист Назарбаевты соңғы рет қашан көргенін сұрағанда, Қырғызстанның бұрынғы президенті онымен жақында кездескенін жеткізді.
"Соңғы рет жақында көрдім. Ол тірі, дені сау. Жағдайы өте жақсы", – деді Асқар Ақаев.