Депутаттың айтуынша, оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылап, әр қатысушыға оның орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін жеке электронды белгі беру қажет.
Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, оқу-жаттығулар кезінде қауіпсіздікті күшейту үшін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылап, әр қатысушыға оның орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін жеке электронды белгі беру қажет.
«Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет. Әр қатысушыда жеке электронды белгі болғаны жөн. Бұл оның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді», – дейді депутат.
Өрісбаевтың сөзінше, құрылғы адамның геолокациясын көрсетіп қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Егер адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс.
Сонымен қатар депутат қатысушылардың физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғы енгізуді ұсынды.
«Құрылғы жүрек соғысы сияқты негізгі көрсеткішті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы керек. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігі дереу тоқтатылуға тиіс», – деді Аббат Өрісбаев.
Депутат Үкіметтен оқу-жаттығуларға қатысатын барлық мемлекеттік органдардың жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талаптарының орындалуын тексеруді сұрады.
Ол үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, оны алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізуді ұсынды.
«Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету», – делінген депутаттық сауалда.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза болып, үш әскери қызметші аман қалған. Осы оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі және 465-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалған.