Оның айтуынша, дәрігердің мәртебесін көтеру тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздікке қатысты маңызды міндет.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметіне кепілдіктер туралы заң жобасын әзірлеу ұсынылды. Бұл туралы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Дана Медеуова мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz
Оның айтуынша, дәрігердің мәртебесін көтеру тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздікке қатысты маңызды міндет.
Дана Медеуова пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге ғана емес, ең алдымен медициналық кадрларға байланысты екенін атап өтті.
Депутат дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бірнеше ұсыныс айтты. Атап айтқанда, еңбекақы төлеу жүйесін дәрігердің біліктілігіне қарай икемді ету және медицина қызметкерлерін өзіне тән емес бюрократиялық жұмыстардан босату қажет.
Сонымен қатар «дәрігер» және «врач» атауларын заңмен қорғау ұсынылды. Дана Медеуованың пікірінше, бұл атаулардың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек.
Депутат медицина саласындағы кадр тапшылығын объективті бағалау қажеттігін де айтты. Оның сөзінше, жаңа мамандарды тартумен қатар, қазір жүйеде жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді сақтап қалу маңызды.
«Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға болады, дәрі-дәрмекті өндіруге немесе басқа елдерден алдыртуға болады. Алайда елге қауіп төнгенде, ақ халатты абзал жандарсыз қауқарсыз екендігіміз. Білікті дәрігерлерді даярлауға он жыл көлемінде уақыт қажет. Ал дайын дәрігерді осал жүйе бір күннің ішінде жоқ қылуы мүмкін», – деді Дана Медеуова.
Дана Медеуова ұлттық қауіпсіздікке елеулі қауіп төнген жағдайда дәрігерлердің тез әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік беру қажет екенін айтты. Ол үшін медицина қызметкерлерінің нақты өкілеттіктері мен кәсіби шешімдерін құқықтық тұрғыдан қорғау тетіктері болуы керек.
«Бұл және басқа да мәселелер жүйелі шешімді талап етеді. Сондықтан мен «Медициналық қызметкерлердің кәсіби мәртебесі және қызметіне кепілдіктер туралы» заң жобасын әзірлеуге бастамашылық етемін», – деді депутат.
Оның айтуынша, негізгі мақсат – дәрігерлердің төмен жалақы немесе қолайсыз еңбек жағдайына байланысты мамандығын тастап кетуіне жол бермеу және олардың азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсетуіне қажетті жағдай жасау.