Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жаңа саяси партиялардың пайда болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, парламентті сайлаудың пропорционалды жүйесіне көшу партиялық жүйенің дамуына және жаңа саяси партиялардың құрылуына қуатты серпін береді.
«Қазақстанның демократиялық дамуын күшті саяси партияларсыз елестету қиын. Оның ішінде бір-бірімен бәсекелесіп, балама пікір білдіретін партиялар болуы керек. Сондықтан жаңа партиялардың пайда болуы, қолданыстағы партиялардың тек сайлау алдында ғана емес, үнемі белсенді болуы — мұның бәрі Қазақстанның әрі қарай қарқынды дамуының шарты», – деді Әшімбаев Сенат кулуарында.
Спикердің пікірінше, мұндайсыз тек партиялық жүйені ғана емес, жалпы саяси жүйені дамыту қиын болады. Ол депутаттарды сайлау тәсілінің өзгеруі және азаматтардың бірпалаталы парламентті қолдауы партиялық құрылыстың катализаторы болатынына сенімді.
«Білесіздер, мен Amanat партиясының мүшесімін. Бұл біз жаңа партиялардың пайда болуын құптамаймыз дегенді білдірмейді. Пайда болсын, бәсекелессін, өз бағдарламалары мен идеяларының қажет екенін дәлелдесін», – деп түйіндеді Сенат төрағасы.
15 сәуір күні бастамашыл топ «Әділет» атты жаңа саяси партия құрылғанын жариялады. Олардың басым бағыттарының бірі – құқық қорғау және сот жүйесінің әділдігін қамтамасыз ету.
Бірпалаталы Құрылтайға сайлау тамыз айында өтеді.