KZNews.kz
Саясат

Әшімбаев сенаторлардың болашағына қатысты мәлімдеме жасады

Жарқын Омаров
Фото: senate.parlam.kz

Сенат депутаттары елдің дамуына және Тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, оларды ілгерілетуге өз үлестерін қосады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

"Өздеріңізге белгілі, апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың отырысы өтті. Қалыптасқан дәстүрге сай, бұл алқалы жиында еліміздің болашағына әсер ететін маңызды бастамалар көтерілді. Олардың қатарында конституциялық және парламенттік реформаға қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Президент болашақ Парламенттің атауы, құрылымы мен өкілеттіктері жөнінде өз көзқарасын білдірді. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси және мемлекеттік билік институттарын реформалауға бағытталған ұсыныстарын жариялады. Олардың ішінде Халық кеңесі мен вице-президент сияқты жаңа институттар да бар. Осылайша, Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделі айқындалды деп айтуға толық негіз бар",- деді Әшімбаев Сенат отырысында.

Оның айтуынша, отырыста айтылған барлық бастамалар Президент Жарлығымен құрылған арнайы комиссия тарапынан талданып, тиісті өзгерістер пакеті дайындалады. Кейін бұл құжат жалпыхалықтық референдумға шығарылатын болады.

"Бұл бастамалардың мақсаты «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» қағидатына сай келетін берік әрі әділ жаңа саяси жүйе қалыптастыру. Өз кезегінде, Сенат депутаттары елдің дамуына және Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, оларды ілгерілетуге өз үлестерін қосады. Сондай-ақ заңнамалық өзгерістерді талап ететін шешімдерді уақтылы пысықтаймыз. Барлық мүдделі тараптармен күш біріктіре отырып, еліміздің игілігі жолында қызметімізді жоғары деңгейде атқарамыз деп сенемін", - деді Сенат төрағасы.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары