Белгілі театр және кино актері Бауыржан Қаптағай өзінің шығармашылық өмірінде жіберген ең ауыр қателіктерінің бірі жайлы ашық айтып, бұл жағдайдың оған үлкен өмірлік әрі кәсіби сабақ болғанын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі сұхбат барысында қазақ сахнасының аңыз тұлғасы, өзі ұзақ жылдар бойы үлгі тұтып, ұстаз санаған Асанәлі Әшімовке қатысты бір кезде ағаттық жасап қойғанын жасырмады. Оның айтуынша, сол қателігі үшін кейін ұстазының өзінен жеке барып, кешірім сұрауға мәжбүр болған.
Актердің сөзінше, ол кезде жағдайдың мән-жайына терең үңілмей, көпшілікке еріп кеткенін кейін ғана түсінген.
«Бір сәтте ойланып-толғанбай, елдің соңынан еріп, Асанәлі Әшімовтің үстінен жазылған құжатқа қол қойып жіберген кезім болды. Кейін мұның үлкен қателік екенін түсіндім де, өзінен барып кешірім сұрадым. Өйткені ол кісі мен үшін жай ғана әріптес емес, нағыз ұстаз еді», – деді Бауыржан Қаптағай.
Сондай-ақ ол сол кезеңде өнер саласында белгілі тұлғаларға қатысты түрлі арыз-шағымдардың жиілеп кеткенін еске алды.
«Өздерің білесіңдер, сол жылдары Әзірбайжан Мәмбетовтің үстінен де, Тұңғышбай Жаманқұловтың үстінен де арыз жазылған болатын. Сол жағдайлардың бәрінде мен өзімді дұрыс ұстай алмадым, үлкен өкініш болды», – деп ағынан жарылды актер.
Бауыржан Қаптағай бұл оқиға оған адам ретінде де, өнер иесі ретінде де жауапкершілікті тереңірек сезінуге себеп болғанын атап өтті.