Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Астана – Павлодар тасжолында болған ауыр жол апаты кезінде көлікті оның ұлы Ердәулет Закиров басқарғанын растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Әкімнің айтуынша, ұлы кәмелетке толған азамат және өз әрекеті үшін заң алдында өзі жауап береді. Сондай-ақ ол тергеу барысына өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып ықпал етпейтінін мәлімдеді.
«Мен ешқашан қызметтік өкілеттігімді жеке басымның мүддесі үшін пайдаланған емеспін және пайдалануға ниетім де жоқ. Тергеу барысына немесе іс бойынша қабылданатын процессуалдық шешімдерге ықпал етуге ешқандай әрекет жасаған жоқпын және жасамаймын», – деді Қайсар Маңқараев.
Сонымен қатар әкім ұлының бір жыл ішінде жол қозғалысы ережесін 29 рет бұзғаны және сот басталғанға дейін тіркеу мекенжайын Астанадан Екібастұзға ауыстырғаны туралы ақпараттан бейхабар екенін айтты.
Еске салайық, 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған жол апаты салдарынан 21 жастағы студент Талғат екі аяғынан айырылған. Жәбірленушінің туыстары айыпталушының әкесінің лауазымы тергеудің әділдігіне әсер етуі мүмкін деп алаңдайтынын, сондай-ақ алғашқы көмектен кейін күдіктінің отбасы байланысқа шықпағанын мәлімдеген болатын.