KZNews.kz
Қоғам

"Артынан 2 мың адамды ерткен": Қыршыннан кеткен Желтоқсан оқиғасының құрбандары туралы не белгілі

Torgyn Abushakhman

1986 жылы Желтоқсан оқиғасы Қазақстан тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі саналады. Сол күндері Алматыда өткен наразылықтар кезінде алаңға шыққан жастардың бір бөлігі үшін бұл оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды. Олардың кейбірі сол күннен кейін туған-туыстарымен қайта қауыша алмады. Осы орайда Stan.kz Тәуелсіздік жолында қаза тапқан бірнеше жастың тағдырына жеке-жеке тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желтоқсан оқиғасының алғашқы құрбаны туралы не белгілі?

1986 жылы Желтоқсан оқиғасының алғашқы құрбаны Ербол Сыпатаев. Ол қаза болған сәтте небәрі 22 жаста болған.  Ерболдың әкесі де, анасы да болмаған. Оның қаза тапқаны туралы туған-туыстарына бірден хабарланбаған. Ең сорақысы оның қазасы үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ. Керісінше ол алаңға қарсылыққа шыққан адам ретінде танылды.

Желтоқсан оқиғасында қыршыннан қиылған Ербол Сыпатаев 1964 жылы Талдықорған облысының Көктал ауылында дүниеге келген. Ол Алматыда білім алуды армандаған. 1986 жылдың желтоқсанында Алматыда бейбіт шерулер басталған кезде Ербол Алматы энергетика институтының екінші курс студенті еді.

Фото: Threads 

Қанды қырғын болған күні Ербол оқиғаның қақ ортасында жүрген. Онымен бірге болған замандастарының айтуынша, Ербол басқа студенттер секілді алаңға әділдік пен халқының еркіндігі үшін шыққан. Себебі кеңестік билік қазақ жастарының пікірін ескеруді қажет деп таппаған. 

Куәгерлердің сөзінше, Ерболдың алаңнан қашып шығуға мүмкіндігі болған. Алайда ол алаңда қолына дубинка ұстаған күштік құрылым өкілінің екі қызды ұрмақ болып жатқанын көрген. Сол сәтте жүгіріп барып, қыздарды өз денесімен қалқалаған. Ол соққыдан жалтарып үлгерген. 

Кейін Ербол қыздарды қолынан ұстап, алаңнан алып шыққан. Бір кезде соңдарынан форма киген адамдардың қуып келе жатқанын көргені. Сол кезде Ербол қыздарға: “Қашыңдар. Арттарыңа қарамаңдар”, деп айтқан. Қыздар қашып, өзі сол жерде қалған. 

Оны екі күштік құрылым өкілі қуып жетіп, жабылып ұрған. Ербол барынша қарсылық көрсеткенімен басынан ауыр соққы алып, жерге құлаған. Десе де күштік құрылым мүлде тоқтамай он соға берген.  Салдарынан Сыпатаев есінен танып, ауруханада бір-ақ есін жиған.  Ол көзін ашқан бойда “Қыздар аман қалды ма” деп сұраған екен. Ербол Сыпатаев 1986 жылы 23 желтоқсанда аурухана төсегінде көз жұмған.

“Қасақана кісі өлтірушінің қолынан қаза тапқан қазақ”

Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13наурызда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Шу және Мойынқұм аудандарында малшы балаларына арналған мектеп-интернатта білім алған. Балалық шағынан-ақ зерек, алғыр әрі өте белсенді болған. Қайрат 7-сыныпта комсомол қатарына қабылданған. Кейін мектептегі комсомол ұясының хатшысы болып сайланған. Жүктелген міндеттерді асқан жауапкершілікпен атқарғаны үшін оның еңбегі партия мүшелері тарапынан жоғары бағаланды.

Мектеп қабырғасында жүргенде Қайрат күреспен айналысқан. Мектепті тәмамдаған соң Қайрат Рысқұлбеков әскери қызметке аттанып, 1986 жылдың көктемінде үйіне оралған. Содан соң Алматы құрылыс институтына оқуға түскен. 

Ол институттың бірінші курс студенті бола тұра, өзі тұратын жатақхананың студенттік кеңесінің төрағасы болып сайланған. 16 желтоқсанда Алматыда басталған оқиғалар туралы естіген соң, оқытушыларының бірімен ақылдасып, өз әрекетінің дұрыстығына көз жеткізгеннен кейін, түні бойы жатақхана жастарын үгіттеген. Ал таңертең оларды бастап алаңға бет алған. Жол бойында оған Алматы трикотаж комбинатының (АТК) студенттері қосылған. 

Фото: Юрий Беккер

Сол күндердің куәгерлерінің айтуынша, Қайраттың соңынан шамамен 2 мыңға жуық адам ерген. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасының салдарынан 99 адам сотталды. Олардың екеуі ең жоғары жаза өлім жазасына кесілді. Солардың бірі Қайрат Рысқұлбеков еді. Оған милиционер Савицкийді өлтірді деген жалған айып тағылған.

Халықаралық қауымдастық пен бірқатар қоғам қайраткерлерінің қысымынан кейін оның үкімі жеңілдеп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Алайда кеңестік билік бәрібір өз үкімін орындады. 1988 жылы Рысқұлбеков Семей түрмесінде күдікті жағдайда қаза тапты. Өз-өзіне қол салып, қаза тапты деді. Алайда көпшілігі бұл ақпаратқа сенбейді. Оның үстіне, ол қайтыс болғаннан кейін де жерленген жері ұзақ уақыт белгісіз болып қалды.

Алайда Тәуелсіздік алған соң, 1992 жылы Қайрат Рысқұлбеков толық ақталып, оған “Халық қаһарманы” атағы берілді.

“Тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі”

Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы 1970 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты Ақмектеп ауылында дүниеге келген. 1977 жылы сегізжылдық мектептің 1-сыныбына қабылданып, оқуын 1984 жылы үздік аяқтаған. Сол жылы ол Өскемен педагогикалық училищесіне оқуға түсті.

1986 жылы Желтоқсан оқиғалары Алматыда ғана емес, Жезқазған, Шымкент, Қарағанды секілді қалаларда да болған. Өскемен қаласының жастары да алаңға жиналып, бейбіт митингке шыққан. Алайда арада жарты сағат өтпей алаңға құқық қорғау органдары келіп, жастарды жаппай ұрып-соққан. Сол күні шамамен он беске жуық студент ұсталған.

Фото:e-history.kz

Тергеу барысында жастардың пікірі ескерілмей, оқиғаға біржақты баға берілді. Олар ұлтшыл деп айыпталды. Тергеу қорытындысы бойынша Сәбира Мұхамеджанова кеңестік қоғамға қарсы “ұлтшылдар тобының ұйымдастырушысы” деп танылды. Мұндай ауыр айыптауды небәрі 16 жастағы қыз көтере алмады.

Сәбира алаңға өз халқының жарқын болашағына сеніп, әділдікке үміт артып шыққан еді. Ол “қазақ халқына қазақ басшы сайлану керек” деп ұрандатқан жастардың қатарында болды.

Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекетіне төзе алмаған Сәбира 1986 жылы 26 желтоқсанда Өскемен қаласындағы жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, қаза тапты. Сәбира Мұхамеджанова Тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі.

Желтоқсан оқиғасының құрбаны Сәбира Мұхамеджановаға “Тарбағатай ауданының Құрметті тұрғыны” атағы берілген.

“Қысымға шыдамай, 5-қабаттан құлап кеткен”

Ләззат Асанова 1970 жылы шілдеде Алматы облысының Талдықорған ауданына қарасты Ақжазық ауылында (қазіргі Айдарлы) дүниеге келген. Мектепті үздік бағамен аяқтап, 1985 жылы П. Чайковский атындағы музыкалық училищеге қабылданған. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасының құрбаны болды. Ол алғашқылардың бірі болып Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) шығып, жастарға шабыттандырып: “Қазақтар! Еркіндікте өмір сүрмей тұра алмаймыз! Тәуелсіздікті жеңгенде ғана шын еркін боламыз!” деп үн қатқан.

Фото: Видеодан скрин

Өкінішке қарай, 16 жастағы Ләззатты құқық қорғау органдары ұстап, оған ҚазКСР ҚК-нің 65-бабы бойынша айып тағып, түрмеге жібереді. Бірнеше күннен соң оның мәйіті музыкалық училище жатақханасынан табылды. Ал біреулердің айтуынша "ол жатақхананың бесінші қабатынан құлап кеткен". Тәуелсіздік алғаннан кейін, әпкесі Алтынай Асанованың арқасында Ләззат Қазақстанның Бас прокуратурасы тарапынан ақталды.

“Қамаудағыларға азық-түлік тасыған”

Шора Қарабаев 1951 жылы Жамбыл облысының Мерке ауданындағы Мерке станциясында теміржол қызметкерінің отбасында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетін бітірген. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 6 жылға сотталды, оның 3 жылын өтеді. Сол күндері ол жастардың рухын қолдаған оқытушылардың бірі болды.

Түрмеден шыққан соң, Х.Кожа Ахмет және А.Нәлібаевпен бірге “Желтоқсан” ұйымын құрды. Аштық акцияларын ұйымдастырып, қалған желтоқсаншылардың босатылуына атсалысты. Сонымен қатар, оларға тұрғын үй және басқа мәселелерде көмек көрсетті. Әр ай сайын қамаудағы әр адамға азық-түлік немесе пакет тасып жүрген. 

“Менің Қазақстаным” әнімен алаңға шығып, 14 жылға сотталған

Қайыргелді  Күзембаев 1959 жылы Қостанай облысының Степняк қаласында дүниеге келген. 1979–1981 жылдары әскерде қызмет етті, 1983 жылы Алматыға барған. Алғашында тұрғын үй құрылыс комбинатта, кейін СМУ-40 мекемесінде жұмыс істеген. 

1986 жылы 17 қыркүйекте дзюдо спортшысы Қайыргелді азаттық қозғалысына қатысу үшін алаңға шықты. Өз бригадирі Әзімнен студенттердің алаңға шыққанын естіген. Кейін сот залында Әзім оны ақтау үшін куәлік жасады.

18 желтоқсанда Қайыргелді жұмысшылармен бірге алаңға шықты. Олар Абай мен Байсейітова көшелерінің қиылысында қыздарды әскерилерден қорғауға көмектесті. Кейін “Менің Қазақстаным” әнімен алаңға шықты. Оны жұмысынан қайтып келе жатқанда ұстап, тіпті отбасымен қоштасуға мүмкіндік бермеген. Сот шешімімен Қайыргелді Күзембаев 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қайыргелді Күзембаевты шын мәніндегі батыр деп бағалауға болады.

4 айыпталушыны суретке түсірген фотограф та жазаланған

Сот алдында тұрған қазақ жігіттерін суретке түсіріп алған адам фоторепортер Юрий Беккер. Ол сот болған күні екі ғана фото түсіргенін айтты. Олар судья мен желтоқсан оқиғасына қатысқан 4 қазақ азаматының суреті. 

“Сот үкімін соңына дейін күтпедім. Судья мен желтоқсан оқиғасына қатысқан 4 қазақ азаматын суретке түсірдім. Ол жерде фотоға түсіретін басқа ештеңе болмады. Соңын күтпей редакцияға барып, ТАСС телеграфына 2 суретті бердім. Тыныш үйіме қайттым”, – дейді Юрий Беккер.

Фоторепортер бұл жағдайды документалист Әлия Әшімнің Q-Rec YouTube арнасына берген сұхбатында айтқан. 

Фото: Видеодан скрин

Фоторепортердің айтуынша, ертесіне фото “Жетісу”, “Алатау”, “Уйгурская газета” басылымдарына жарияланған. Суретте “судья басын төмен салып, айыпталушылар басын тік көтеріп тұрғаны” бейнеленген. Фоторепортер осы суреті үшін жұмысынан қуылып, партияжан шығарылған екен. Себебі суретте “айыпталушылар батыр адам сияқты басын тік ұстап тұрған. Ал судья олардың алдында басын иіп тұрғандай сипатталған”. Осы себепті фоторепортер жұмыссыз қалған екен. 

Бәрі неден басталды?

1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде жастар Кеңес үкіметінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне қазақ кадрының орнына ресейлік Г. Колбиннің келуіне наразылық білдіру үшін Алматыдағы орталық алаңға шықты. Олар өз құқығын, ұлттық құндылығын қорғауды, елдің жетекші лауазымдарына өз азаматтарының келуін талап етті. Бұл бейбіт наразылық акциясы кейін күшпен басылып, көптеген жастарға қатаң жазалау қолданылды.

Фото: Q•REC YouTube-арна скрин

Бұл бейбіт наразылық акциясы Кеңес әскері мен милициясының күш қолдануымен басылып, көптеген жастар жарақат алып, кейбірі қаза тапты. Кейбір деректерге сәйкес, қанды оқиға болған күні алаңда 10 мыңдай адам жиналған деседі. Ал басқа деректерде 50 мыңға жуық адам жиналғаны айтылады. Осылайша Желтоқсан оқиғасы Қазақстандағы тәуелсіздік жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде есте қалды.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары