KeshYou тобы туралы деректі фильмнің үшінші бөлімі жарық көргеннен кейін продюсер Баян Алагөзова бұрын қол астында өнер көрсеткен әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Сұхбат барысында продюсер әншінің әрекетіне көңілі қалғанын жасырмады. Оның айтуынша, Мөлдір Әуелбекованың концертке қатысты шешімі өзі үшін күтпеген жағдай болмаған.
"Мен Мөлдір Әуелбековадан дәл осындай әрекет болады деп күттім. Ол мені жол ортасында қалдырды. Ол кезде біз барлық дайындықты бастап кеткен едік. Жобаға кемінде 200 мың доллар жұмсалды", – деді Баян Алагөзова.
Продюсерді әсіресе әншінің концертке қатыспайтынын жеке хабарламай, бұл туралы көпшілік алдында жариялағаны ренжіткен. Баян Алагөзованың сөзінше, мұндай мәселені алдымен өзара сөйлесіп шешуге болатын еді.
Оның пайымынша, Мөлдір Әуелбекова деректі фильмнен кейін ренжіген болуы мүмкін. Себебі фильмде Баян Алагөзова KeshYou тарихында Жанар Дұғалованы ерекше атап өткен.
"Шынын айтсын. "Баян, мен деректі фильмнен кейін ренжідім. Сіз мені басты әнші ретінде бөліп көрсетпедіңіз" десін. Менің ойымша, ол осыған ренжіді", – деді продюсер.
Баян Алагөзова кейін әншінің концертке қатысуға қайта келісім бергенін де айтты. Бұл жағдайға әнші Мейрамбек Беспаевтың араласқанын жеткізді. Продюсердің сөзінше, ол Мөлдір туралы барлық шындықты айтпауын сұраған.
"Маған одан ештеңе керек емес. Егер келіп, өзіне тиесілі жұмысты атқарса, мен бұл тақырыпты қозғамаймын", – деді ол.
Алайда продюсердің айтуынша, Мөлдір Әуелбекова алғашқы репетицияға келмеген. Кейін келген күннің өзінде команда оны ұзақ күткен. Осыдан кейін ұйымдастырушылар әншінің қатыспай қалуы мүмкін екенін ескеріп, қосымша жоспар дайындауға мәжбүр болған.
Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекова келген кезде камерадан бетін жасырып, түсірмеуді сұрағанын да айтты. Продюсердің сөзінше, әнші көмекшілерге боянып үлгермегенін айтып, келесі күні түсіруге рұқсат беретінін жеткізген. Бірақ келесі күні де жағдай қайталанған.
"Ол тағы да бетін қолымен жауып, ештеңе түсіндірместен сыртқа шығып, көлігіне отырып кетіп қалды", – деді Баян Алагөзова.