Қазақстанда әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз TikTok қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kznews.kz.
ІІМ мәліметінше, олар тікелей эфир барысында былапыт сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктар ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған. Ведомство мұндай трансляцияларды кәмелетке толмағандардың да тұрақты түрде көргеніне алаңдаушылық білдірді.
Ең резонансты оқиғалардың бірі Шымкентте тіркелді. 20 жастағы тұрғын көрермен жинау мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлағандай көрініс қойған. Сонымен қатар бейәдеп сөздер айтқан ол сот шешімімен сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Ал Алматыда «Ақтөре» лақап атымен танымал 32 жастағы стример эфир кезінде былапыт сөздер айтып, айналасындағыларды қорлағаны үшін бес тәулікке қамалды. Астанадағы «Бауырсақ» лақап атты 37 жастағы әйел мен Жамбыл облысындағы «Алтын қыз» есімімен танылған 41 жастағы тұрғынға әдепсіз контент таратқаны үшін айыппұл салынды.
Сондай-ақ Жамбыл облысында екі 19 жастағы блогер донат жинау үшін TikTok эфирінде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, жауапкершілікке тартылды.
ІІМ интернеттегі анонимді аккаунттар заң бұзушыларды жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертіп, құқық бұзушылардың жеке басын анықтауға қажетті барлық мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Енді мұндай заң бұзушылардың есімдері профилактикалық мақсатта жарияланып отырады. Ведомствоның айтуынша, азаматтардан интернеттегі заңсыз әрекеттерге қатысты шағымдар тұрақты түсіп жатыр және олардың әрқайсысы мұқият қаралады.