Ақтөбе облысының Қобда ауылында жеке тұрғын үй өртеніп, 21 жастағы бойжеткен көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 8 қыркүйекте Қобда ауданындағы Қобда ауылында болған. Өрт Щербаков көшесінде орналасқан жер үйдің бірінен шыққан.
Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, қызыл жалын тұрғын үйдің ішкі бөлмелері мен шатырын шарпыған. Жалын шамамен 96 шаршы метр аумаққа таралған.
Оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін жергілікті өрт сөндіру бөлімшелері шақырылып, жедел медициналық жәрдем және полиция қызметкерлері де оқиға орнына барған.
Құтқарушылардың күшімен өрт толықтай сөндірілді. Алайда тілсіз жаудың салдарынан 21 жастағы әйел қаза тапты.
Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығуына не себеп болғанын анықтап жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы арнайы тексеру нәтижесінде белгілі болады.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, электр құрылғылары мен жылыту жүйелерін қараусыз қалдырмауға шақырады.