Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында алаяқтыққа қатысты іс бойынша мәслихат төрағасы мен депутаттарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу мәліметінше, олар мемлекетке 672 млн теңгеден астам шығын келтірген. Сотталушылар жатақхананы арзан бағаға сатып алып, кейін оны әкімдікке өткізуді жоспарлаған. Мәслихат төрағасы Бақытжан Қадралин ғимаратты өзіне рәсімдеп, жөндеу жұмыстары арқылы бюджет қаражатын иемденген.
Сот оны алаяқтық және заңсыз табысты заңдастыру баптары бойынша 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ал осы іске қатысы бар шенеунік Әнес Сейілхан 5 жылға, депутат Азамат Жәлімбетов 6 жылға сотталды.
Судья шешімімен үшеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте және қаржы саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, олар келтірілген 672 млн теңге шығынды бірлесіп өтеуге міндеттелді.
Қадралиннің бірнеше жылжымайтын мүлкі мен банк шоттарындағы жүздеген миллион теңге, сондай-ақ басқа тұлғаның есепшотындағы қаражат мемлекет пайдасына тәркіленді.