Ақтауда «Қазақтелеком» компаниясының дәстүрлі ХІ Спартакиадасы мәресіне жетіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 430-дан астам қызметкер өзара мықтыларды анықтады, деп хабарлайды kznews.kz.
Каспий жағалауында екі күнге созылған ауқымды спорттық шараға мамыр және маусым айларында өткен өңірлік іріктеу кезеңдерінде оза шапқан ең үздік мамандар қатысып, жекелей және командалық спорт түрлерінен бақ сынады.
Спартакиада бағдарламасына баскетбол, футзал, волейбол, жүзу, шахмат, теннис, киберспорт, тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас, қол күресі мен садақ ату енгізілді. Жарыс қорытындысы бойынша Шығыс өңірінің спортшылары баскетболдан топ жарса, Алматы өңірі ерлер арасындағы волейболдан, киберспорттан және арқан тартудан жеңіске жетті. Ал Орталық өңір әйелдер арасындағы волейбол мен футзалдан мықты екенін дәлелдеп, ондаған қызметкер жекелей сында түрлі санаттар бойынша алтын, күміс және қола медальдарға ие болды.
Жарыстың ашылу салтанатында «Қазақтелеком» АҚ Бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов бұл шара тек жарыс емес, аймағы мен мамандығына қарамастан барлық қызметкерлердің басын біріктіретін маңызды корпоративтік дәстүр екенін айтты.
«Спорт бізді ортақ нәтижеге жұмыс істеуге, бір-бірімізге қолдау көрсетуге және алға қойған мақсаттарға жетуге үйретеді. Дәл осы қасиеттер бізге спорт алаңдарында да, күнделікті жұмыста да көмектеседі. Биылғы Спартакиада барлық қатысушыларға жарқын эмоциялар, жаңа таныстықтар сыйлап, «Қазақтелекомның» күші оның адамдарында екендігінің тағы бір дәлелі болатынына сенімдімін», – деп атап өтті Ержан Мейрамов.
Жабылу салтанатында арнайы жеребе тартылып, 2027 жылы өтетін кезекті ХІІ Спартакиаданы ұйымдастыру құқығы Солтүстік өңірге бұйырды. Биылғы жарыс жеңімпаздары енді 2026 жылдың 8-10 тамыз аралығында Астана қаласында өтетін «Самұрық-Қазына» қорлар тобының ХІ Спартакиадасында компания намысын қорғайтын болады.