Ақтаудағы дәмханалардың бірінде болған атыс салдарынан ер адам жарақат алды. Оқиға 8 шілде күні қала аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, белгісіз адам дәмханада отырған азаматқа жақындап келіп, оның бет тұсына оқ атқан. Оқиғадан кейін күдікті оқиға орнынан кетіп қалған.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті қысқа уақыт ішінде ұсталды. Зардап шеккен ер адам ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Дәрігерлердің мәліметінше, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмеді.