KZNews.kz
Қоғам

Ақтау тұрғынын ұрып-соққан бұрынғы полиция қызметкерлері сотталды

Torgyn Abushakhman

Ақтау қалалық соты тұрғынды ұрып-соққан үш бұрынғы полицейді 5 жылға бас бостандығынан айырды. Тағы екеуіне 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған дейін облыстық сотта алқабилер сотталушыларды "азаптау" бабымен дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты ақтап шыққан еді. Жақында іс қайта қаралып, бап "қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану және күш қолдануға" өзгертілді. 8 ай бойы айыпталушылар үйқамақта отырған. Үшеуі сот залында қамауға алынды.

"Егер адамды ұрып-соғып, жарақаттап, азаптап жауап алмақ болса, ол кем дегенде мүгедек болып шығуы керек еді. Бірақ іс материалдарын, бейнежазбаларын зерттеп қарасаңыз, жәбірленушінің өзі құқық қорғау органдарына, полиция қызметкерлеріне ашықтан-ашық құрметсіздік көрсеткенін байқайсыз. Сондықтан біз кінә дәлелденбеген деп санаймыз. Бүкіл айып тек жәбірленушінің өз куәліктеріне ғана негізделген. Ал іске келсек шынайы, сенімді дәлелдер жоқ”, – деді сотталушылардың адвокаты Берік Өтегенов. 

Ал жәбірленуші 5 жылдық үкім тым аз дейді. Оның айтуынша, сот барысында бірқатар дәлелдер ескерілмей қалған. Бұрынғы полицейлердің кінәсін дәлелдейтін соққыға жығу сәттері жазылған бейнежазбалар мен аудиожазбалар назарға алынбаған. Ол осы үшін  апелляциялық шағым түсірген.

"Үйқамақты 1 күнді 2 күнге санаған. Тергеу изоляторында болса 1 күн 1,5 күнге тең. Сонда үйден гөрі тергеу изоляторы жайлы болғаны ма? Сотқа апелляциялық шағым түсірдім. Прокуратураға да жаздым, әділдікке жетемін. Есікті ұстағанға да ең аз дегенде 5 жыл беру керек, ал ұрғандарға одан да көп. Неге ең аз жазаны берді? Өйткені олар кінәсін мойындамады, өкінген жоқ", – деді жәбірленуші Зигмунд Азизли.

Еске салайық, өткен жылдың көктемінде ер адамды “автокөлік бөлшектері базарынан генератор ұрлады" деген күдікпен ұстаған. Жәбірленушінің айтуынша, ол шынында автокөлік бөлшектерін алған, бірақ иесіне алдын ала ескерткен. Ал ағасының жазған арызы дереу қайтарылған. Алайда полицейлер мұнымен тоқтамаған. Ер адамды бөлімшенің ішінде үшеуі соққыға жыққан. Ал қалған екеуі сырттай бақылап тұрған.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары