KZNews.kz
Саясат

АҚШ-та полиция Франция президентінің жолын жапқан

Torgyn Abushakhman

Желіде Франция президенті Эммануэль Макронды полиция өткізбей қойған сәті талқыланды, деп хабарлайды Kznews.kz порталы. 

Франция президенті Эммануэль Макронды Нью-Йорк полицейлері тоқтатқан.

Себебі көшеде АҚШ президенті Дональд Трамптың кортежін күтіп тұрған полиция Франция президенті Макронның жолын жапқан. Бұл туралы Brut интернет-порталы хабарлап, мемлекет басшысының полицейлермен сөйлескен сәтінен бейнежазба жариялады.

“Өкінішке қарай, құрметті президент мырза, қазір бәрі жабық”, – деп түсіндірді полиция қызметкері. Осыдан кейін Макрон ұялы телефонынан Трампқа хабарласып, жағдайды баяндады.

“Елестетші, мен көшеде күтіп тұрмын, өйткені бәрін сен үшін жауып тастаған”, – деді ол АҚШ президентіне. 

Brut порталының мәліметінше, осыдан кейін Макрон Трамппен әңгімесін жалғастырып, қалада тағы жарты сағаттай жаяу жүріп өткен. Ол БҰҰ ғимаратынан шыққан еді. Сол күні Франция мен Сауд Арабиясының бастамасымен өткен конференцияда Макрон Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындағанын жариялаған.

Бұған дейін Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен конференцияда Андорра, Бельгия, Люксембург, Мальта, Сан-Марино және Франция ресми түрде Палестинаны мойындады. Ал 21 қыркүйекте Австралия, Ұлыбритания, Канада және Португалия да Палестинаны ресми түрде мемлекет деп таныды.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары