АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық Әсет Құралбайға қатысты оқиға қайғылы аяқталды. Полиция мен марқұмның жақындары оның қаза тапқанын растаған. Қазір 24 жастағы жігіттің соңғы күндері, тұрған мекенжайы және көлігіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Ulysmedia.kz сайтының хабарлауынша, Әсет Құралбай АҚШ-қа шамамен төрт жыл бұрын барған. Ол Иллинойс штатында тұрып, Amazon компаниясының жеткізу қызметінде жұмыс істеген.
Кейін оның Чикаго маңындағы Форд-Хайтс елді мекенінде тұрғаны анықталды. Әлеуметтік желідегі мәліметтерге қарағанда, Әсет 1324 Park Avenue мекенжайындағы үйде тұруы мүмкін. Бұл аудан жергілікті қауіпсіздік рейтингтерінде қылмыс деңгейі жоғары аймақтардың бірі ретінде көрсетіледі.
Журналистер барған көшеде ескі үйлер, қараусыз қалған аулалар мен тозған жолдар байқалған. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл маңда ТМД елдерінен келген мигранттар арзан бөлме жалдап тұруы мүмкін екенін жазған.
Әсет Құралбай соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. Сол күні ол үлкен ағасымен телефон арқылы сөйлескен. Осыдан кейін оның туыстарымен байланысы үзілген.
Бастапқыда жақындары қатты алаңдамаған. Себебі Әсет бұған дейін де бірнеше күнге телефонын өшіріп, жалғыз қалатын кездері болған. Алайда бес күн бойы еш хабар болмаған соң туыстары уайымдай бастаған.
7 маусымда оның телефоны толық өшіп қалған. Осыдан кейін отбасы Чикагодағы таныстарынан Әсеттің тұрған жерін барып тексеруді сұраған.
Таныстары оның бөлмесіне кірген кезде күмәнді жайттарға тап болған. Әсеттің барлық құжаты, банк карталары мен жеке заттары бөлмесінде қалған.
Ең алаңдатарлық деректердің бірі – бөлмеден қоштасу мазмұнындағы хаттың табылуы. Онда жас жігіт өзіне бірдеңе болған жағдайда жеке заттары мен құжаттарын кімге беру керектігін жазып кеткені айтылады.
Қазіргі уақытта марқұмның өліміне қатысты мән-жайлар анықталып жатыр. Жақындары мен таныстары Әсеттің қазасына байланысты қайғырып, оның отбасы үшін бұл ауыр соққы болғанын айтуда.