АҚШ Қорғаныс министрлігі бұрын құпия сақталған құжаттардың алғашқы бөлігін жариялап, олардың арасында 1994 жылы Қазақстан аумағында байқалған белгісіз ұшатын нысанға қатысты материалдар бар екенін хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.
NASA, FBI және басқа да америкалық ведомстволарға тиесілі 162 файл Пентагон сайтындағы арнайы бөлімде жарияланған. Сол құжаттардың қатарында АҚШ Мемлекеттік департаментінің 1994 жылғы дипломатиялық жеделхаты да бар.
Құжатта 1994 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан аспанында белгісіз ұшатын нысан байқалғаны айтылған. Оны Тәжікстаннен ұшып шыққан әуе кемесінің экипажы көрген. Ұшақ сол сәтте шамамен 12,5 шақырым биіктікте болған.
Куәгерлер арасында тәжік ұшқышы мен АҚШ-тың үш азаматы болған. Олардың сөзінше, көкжиектің шығыс жағынан аса жарық әрі өте жоғары жылдамдықпен қозғалған нысан байқалған.
Жарияланған жеделхатта нысанның бірнеше фотосуреті түсірілгені де көрсетілген. Сипаттамада оның 90 градусқа күрт бұрылып, штопор жасап, шеңбер бойымен аса жылдам қозғалғаны жазылған. Куәгерлер белгісіз нысанның сыртқы бейнесі ұшып бара жатқан оққа ұқсайтынын айтқан.
Сонымен қатар құжатта инверсиялық іздердің шамамен 100 мың фут биіктікте байқалғаны келтірілген. Бұл — азаматтық ұшақтардың қалыпты ұшу деңгейінен әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Алайда АҚШ билігі жарияланған материалдарда нысанның нақты табиғаты немесе шығу тегі туралы ресми қорытынды жасамаған.