Бұл екіжақты атысты тоқтату режимі болады
АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары Иранға жасалып жатқан бомбалау мен әскери шабуылдарды екі апта мерзімге тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Дональд Трамптің айтуынша, мұндай шешім Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф және Пәкістан армиясы штабының басшысы, фельдмаршал Асим Мунирмен жүргізілген келіссөздерден кейін қабылданған.
Негізгі шарт – Иран тарапының Ормуз бұғазын толық әрі қауіпсіз ашуы.
Дональд Трамп бұл жөнінде:
«АҚШ өзінің әскери мақсаттарына жетіп қана қоймай, оны асыра орындады. АҚШ пен Иран арасында бейбіт келісімнің 10 тармақтан тұратын ұсынысы талқыланып жатыр. Екі апталық үзіліс ұзақ мерзімді бейбітшілік туралы түпкілікті келісім жасауға мүмкіндік беруі тиіс. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен және фельдмаршал Асим Мунирмен болған әңгімелердің қорытындысы бойынша мен Иранға жасалатын бомбалау мен шабуылдарды екі аптаға тоқтатуға келісемін. Бұл екіжақты атысты тоқтату болады», – деп жазды әлеуметтік желіде.
Оның сөзінше, бұл келісім Иранмен ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге және Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға жол ашуы мүмкін.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы бітімге қатысты мәлімдеме жасады.