АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленіс енді Парсы шығанағындағы өзге елдерді де қамти бастады. Иран америкалық әскери күштер орналасқан Кувейт пен Иорданиядағы нысандарға зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Тегеранның айтуынша, бұл шабуылдар АҚШ-тың Иран аумағына жасаған кезекті әуе соққыларына жауап ретінде ұйымдастырылған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Орталық қолбасшылығы жүргізілген операциялардың мақсаты Иранның Ормұз бұғазы маңындағы коммерциялық кеме қатынасына қауіп төндіруі мүмкін әскери әлеуетін әлсірету болғанын мәлімдеген.
Кувейт билігінің дерегіне сәйкес, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері төрт зымыран мен 21 дронды жойған. Ал Иордания қарулы күштері ел аумағына қарай бағытталған сегіз ирандық зымыранның жолы кесілгенін хабарлады.
Сонымен бірге, Иран америкалық әскери базаларға соққы сәтті тигенін мәлімдегенімен, бұл ақпарат әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, қақтығыстың жаңа деңгейге көтерілуі әлемдік энергетика нарығына да әсер етуі мүмкін. Ормұз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың едәуір бөлігі тасымалданатындықтан, әскери шиеленістің күшеюі мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп, бағаның құбылуына ықпал етуі ықтимал.
Осы жағдай аясында әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы өсім көрсетті. Инвесторлар Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушықпауын жіті бақылап отыр.