Бұл жердегі "белдікті тарту" ұғымы бірінші кезекте бюджет қаржысын игеруге қатысты болса керек. Яғни, қазынаны жұмсауда үнем мен пайда тепе-теңдігі сақталуы тиіс. Алайда, іс жүзіндегі жағдай олай емес екен. Әсіресе республикалық бюджетке тәуелділік артқан. Бұл өз кезегінде облыстардың ішкі бюджеті бойынша тиісінше қаржы тапшылығының бар екенін білдіреді.
Жалпы, ашық дереккөздегі биылғы мәлімет бойынша еліміздің 13 облысы мен Шымкент қаласы республикалық бюджеттен дотация алады. Тек Астана мен Алматы қалалары және Атырау мен Маңғыстау облыстары донор аймақтар қатарында. Айтпақшы, кейбір есептеулер бойынша Маңғыстау облысының экономикалық көрсеткіші бұрынғы қарқынынан бәсеңдеп, донор аймақтар қатарынан шығып қалу қауіпі бар екен.
Ал республикалық бюджетті "сауын сиырға" айналдырған облыстар арасында да ақша үшін айқас жүретіні белгілі. Өткенде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан аймақтарға бөлінетін бюджет туралы айтып, кейбір облыстарды "аутсайдер аймақтар" деп айтқан болатын.
– Бюджет бөлуде әділдік жоқ. Қай өңірдің әкімі белсенді, Үкіметке, Ақордаға жақын, сол облыстарға дотация молынан бөлінеді. Мысалы, бюджет қарастырғанда қай облыста қанша халық тұратыны ескерілмейді. Осыдан барып аймақтардағы әлеуметтік мәселелерді шешу қиындайды. Мысалы, біздің Батыс Қазақстан облысына бөлінетін дотация көлемі оңтүстіктегі тұрғын саны әлдеқайда аз аймақтармен салыстырғанда төмен, – деген болатын депутат.
Жалпы, республикалық бюджетке тәуелді аймақтарға бөлінетін мол қаржы субвенция түрінде берілетіні бізді қызықтырды. Дерекке қарасақ, биыл Абай облысына республикалық бюджеттен 251 802 902 000 теңге қаржы субвенция бөлінген. Дотацияға тәуелді тағы бір аймақ – Алматы облысының бюджеті 193 408 496 000 теңгеге субвенцияланған. Ал осы облысқа көрші Жетісу өңірінің алған субвенциясы – 386,5 миллиард теңге екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, жоғарыда депутат А. Құспан айтып өткен Батыс Қазақстан облысына бөлінген субвенция қаражаты 266,9 млрд теңгені құрайды. Біз бұл жерде аталған аймақтарға бөлінген республикалық бюджет трансфертіне кіретін субвенция көлемін ғана жеке көрсетіп отырмыз. Өйткені, дотациялаудың басқа тетіктері арқылы аймақтарға берілетін қаржы ағыны бар.
Неге субвенцияның астын сызып отырмыз?
Субвенция ұғымы республикалық бюджеттен облыстарға, аудандарға немесе қалаларға берілетін қайтарымсыз және мақсатты қаржылай көмек дегенді білдіреді
Ерекшелігі, субвенциянының сұрауы жоқ. Яғни, қайтарымсыз қаржы. Тек "Республикалық бюджет туралы" заңда нақтыланған мақсаттарға жұмсалуы ғана қадағаланады. Мысалы, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, әлеуметтік сала бойынша бөлінген субвенцияның әр тиыны мақсатты пайдаланылады.
Айтпақшы, субвенцияға тәуелділіктің тәуекелі де бар екен. Қаржы сарапшылары "дотацияға жатып алу" өңірдің инвестициялық имиджіне кері әсер ететінін және бюджеттің орындалуын бақылаушы органдар тарапынан жиі тексеруге ұшырайтынын айтады. Бұл аймақтағы жауапты бөлімдердің жұмысындағы бюрократияны көбейтеді екен.
Ал жергілікті атқарушы билік үшін сұрауы жоқ субвенция ағыны нағыз майшелпек болатыны анық. Әрине, қаржы мақсатты жұмсалатынына сенім зор, бақылау да күшейген. Бірақ, әсіресе әкімдер үшін республикалық бюджеттен алынған қаржыны игеру жұмысы жеке имидж қалыптастыру мен мансап баспалдағындағы пиар-менеджемент құралына айналмауы керек сияқты...
Қалмаханбет Мұқаметқали.