KZNews.kz
Аймақ

Ақмоладағы жаңа жылдық мүсіндер жұртты шошытты

Ayzhan Sylanova
Фото: видеодан скриншот

Ақмола облысының Степногор қаласында орнатылған Жаңа жылдық Ақшақар мен Аяз Ата мүсіндері тұрғындардың наразылығын тудырды. Түрі ұсқынсыз, қисайып тұрған мүсіндер мерекелік көңіл күй сыйлаудың орнына жұрттың сынына ұшырады, деп хабарлайды kznews.kz.

Қала әкімдігі бұл безендірулерге бюджеттен бірде-бір теңге бөлінбегенін мәлімдеді. Жаңа жыл қарсаңында қаланы көріктендіру үшін алдымен мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланған. Алайда жеңімпаз атанған мердігер компания келісімшарт талаптарын орындамай, белгіленген міндеттерді жүзеге асырмаған.

Нәтижесінде бастама жергілікті кәсіпкердің қолына өткен. Ол халыққа мерекелік көңіл күй сыйлауды көздегенімен, істі сапасыз атқарып, керісінше, тұрғындардың көңілін қалдырған.

Степногор қаласы әкімінің орынбасары Дархан Оспановтың айтуынша, келісімшарт талаптары орындалмағандықтан, 19 желтоқсанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігерге келісімді біржақты бұзу туралы ресми хабарлама жолдаған.

«Жаңа жылдық мүсіндерді орнатуға қала бюджетінен ешқандай қаражат жұмсалған жоқ. Мүсіндерді жергілікті кәсіпорын қойған. Қазіргі таңда олардың барлығы алынып тасталды», – деді әкім орынбасары.

Осылайша, тұрғындар сынға алған мүсіндер қала алаңынан толықтай жиналып, жағдай бақылауға алынған.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары