Ақмола облысының прокуратурасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың тұрғын үй алу құқығының бұзылғанын анықтап, тиісті шаралар қабылдады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл санаттағы балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға бірінші кезекте құқылы. Алайда, жергілікті атқарушы органдар бұл талаптарды толық сақтамаған.
Тексеру нәтижесінде 33 баланың заңсыз түрде кезектен шығарылғаны, 8 баланың уақытында есепке алынбағаны, ал 1 баланың мүлдем тұрғын үй алу құқығынан айырылғаны анықталды.
Мысалы, аудан орталықтарының бірінде жетім балаға тиесілі пәтерде екі жыл бойы мемлекеттік мекеме басшысы заңсыз тұрып келген. Прокуратураның араласуынан кейін бұл пәтер қайтарылып, тиісті иесіне берілді.
Қазіргі уақытта қалған балалардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қолға алынды.