Ер адам үйінен шығып, сол күйі қайтып оралмаған
Ақмола облысында екі жарым ай бұрын жоғалып кеткен ауыл тұрғынын іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Облыстық полиция департаментінің ақпаратынша, Біржан сал ауданы Кеңащы ауылының тұрғыны Айжалғас Ғарифоллаұлы Қайруллинов 2025 жылғы 21 қазанда жоғалып кеткен. Полицияға арызданған әйелдің айтуынша, 31 жастағы ұлы кешке таман үйден шығып, сол күйі оралмаған.
Жеті баланың әкесін іздеу үшін полиция кең ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр, деп атап өтті ПД. Дрондар, із кесетін иттер және жол талғамайтын көліктермен бірнеше ауылдың маңы, дала, орман және жетуі қиын аумақтар тексерілген. Су айдындары, жағалаулар, ескі ғимараттар мен құдықтар да қаралған.
Сонымен қатар полицейлер оны соңғы рет көрген адамдар мен туыстарынан жауап алған. Қазір іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, ол туралы ақпарат басқа өңірлерге және әлеуметтік желілер арқылы таратылды, деп мәлімдеді ПД.
Құқық қорғау органдары азаматтардан жоғалған адам туралы кез келген мәліметті хабарлауды сұрады.