Ақмола облысының Целиноград ауданында суға батып кеткен 9 және 12 жастағы екі қыздың өліміне байланысты тергеу басталды, деп хабарлайды kznews.kz.
КТК телеарнасының жазуынша, қайғылы жағдай сенбі күні су басқан карьерлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы су жағасына демалуға барған. Апалы-сіңлілі қыздар киімдерін ауыстыру үшін жағалауда тұрған көлікке отырған.
Осы кезде автомобиль өздігінен қозғалып, төмен қарай сырғып кеткен де, суға құлаған. Балалардың әкесі оларды құтқаруға әрекет жасағанымен, қыздарды көліктен шығара алмаған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен автомобильді судан алып шықты. Көлік ішінен екі баланың денесі табылды.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаевтың айтуынша, шомылу маусымы басталғалы өңірде 15 адам суға кеткен. Олардың екеуі – бала.
Төтенше жағдайлардың барлығы суға түсуге рұқсат етілмеген аумақтарда тіркелген. Мамандар осы уақытқа дейін мыңға жуық рейд пен профилактикалық шара өткізген.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, мас күйде суға түспеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.