KZNews.kz
Шоу-бизнес

“Ақмаржан - менің жиенім”: Заттыбек Көпбосынұлы қалай 20 минутта танымал болғанын айтты

Айжан Сыланова
Фото: әлеуметтік желіден

Қазақ эстрадасының танымал орындаушысы, “Ақмаржан” әні арқылы көпшілікке кеңінен танылған Заттыбек Көпбосынұлы өзінің алғаш рет жұлдыз атанған кезеңін еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.
 

Әнші “Көреміз” бағдарламасында жүргізушінің «Жұлдыз болып оянған сәтіңіз есіңізде ме?» деген сұрағына жауап бере отырып, өміріндегі ерекше кезеңді баяндады. Оның айтуынша:

“Сақ деген киностудия болды. Жаңажылдық 2007 жылды қарсы алуға жоба түсіріп жатты. Маған сол бағдарламаға видео түсірейік, әнің күшті тыңдалып жатыр ғой деді. Жарайды деп келісіп, 20 минутта түсірілген видео жаңа жылдық бағдарламада көрсетіледі. Азанда тұрсам мүлде басқаша. Шын айту керек, сол кез маған сынақ болған сияқты. Ары қарай қалай жүресің? деген секілді.”

Сұхбат барысында жүргізуші өнерпазды үлкен танымалдыққа жеткізген “Ақмаржан” әнінің атауы жайында да сұрады. Әнші бұл туралы:

“Ақмаржан - жиенімнің есімі. Әпкемнің үш жыл күтіп дүниеге әкелген қызы. Сол жиенімнің атымен шықты”, – деп бөлісті.

Заттыбек Көпбосынұлы әннің қалай дүниеге келгенін де тебіреніспен жеткізді. Оның сөзінше, қалаға алғаш келген жылдары ағасының үйінде тұрған. Ағасы кітап жинауға әуес болған екен. Бір күні сол кітаптардың арасынан шағын өлеңдер жинағын көріп, дәл сол сәтте әуен көңіліне қона кеткен. Бастапқыда бұл әнді тек отырыстарда, өз ортасында орындап жүрген. Тіпті эстрада сахнасында әнші боламын деген ойы “түсіне де кірмегенін” жасырмады.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →