FlyArystan әуе компаниясының Астанадан Алматыға ұшатын FS 7058 рейсі бес сағатқа кешіккен. Борт ішінде түсірілген видео желіде тарап, қызу талқыланып жатыр. Видеодан ұшқыштың жолаушыларға “бәрі дұрыс жұмыс істеуі міндет емес” деп айтып жатқанын естуге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұшақ 16 желтоқсан күні сағат 19:05-те ұшуы керек болған. Алайда әуе кемесі түн ортасына дейін қозғалмай, бір орында тұрған. Жағдайды Threads желісінің қолданушысы парақшасына мәлімдеді. Ол бортта түсірілген бірнеше видео мен фотоны жариялады. Оның айтуынша, рейстің кешігуіне әуе кемесінен шыққан ақау себеп болған.
“FlyArystan ұшағында осымен екінші рейс қозғалтқышы істен шыққан. Рейс командирі: "Сабыр сақтаңыздар, себебі қозғалтқыш қандай да бір себеппен іске қосылмай тұр" деп айтты”, – деп жазды желі қолданушысы.
Рейс командирінің хабарландыруынан соң жолаушылар рейспен ұшудан бас тартқан. Олардың ұшақтан шығаруды талап етіп жатқанын видеодан көруге болады. Олар рейстің ұзақ уақыт кешіккеніне, онымен қоймай ұшақтан шығуға рұқсат бермей жатқанына наразылық білдірген. Сондай-ақ олар бортсеріктерден ұшақ капитанын шақыруды сұраған.
Видеодан ұшқыштың адамдарды тыныштандыруға тырысқанын естуге болады.
“Қозғалтқыштарды әртүрлі жолмен іске қосуға болады. Бұған дейін де ақауы бар құрылғымен бірнеше рет ұштық. Бұл қалыпты жағдай. Барлығы міндетті түрде жұмыс істеуі керек емес”, – деп мәлімдейді ұшқыш.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Fly Arystan әуе компаниясынан мән-жайды сұрап білді. Олардың мәліметінше, рейстің кешігуіне қосалқы қуат қондырғысындағы ақау себеп болған.
“FlyArystan әуе компаниясының FS7058 рейсі қосалқы қуат қондырғысындағы ақауға байланысты сағат 20:43-те тұраққа қайтадан оралуға мәжбүр болды. Қосалқы қуат қондырғысы әуе кемесі жерде тұрған кезде салонды кондиционерлеу, электрмен қамтамасыз ету және қозғалтқыштарды іске қосу функцияларын атқарады. Күту барысында жолаушыларға сусындар ұсынылды. Сағат 23:05-те кезекті сүйреу және мұздан тазалау (деайсинг) рәсімінен кейін қозғалтқышты қайта іске қосу мүмкін болмады. Сол себепті сағат 00:19-да ұшақ тұраққа қайта оралды. Жолаушылардың бір бөлігі сапардан бас тарту туралы шешім қабылдады. Жолаушыларды түсіргеннен кейін ыстық тамақ беріліп, ең жақын рейске бір рет тегін қайта брондау немесе билет құнын толық қайтару мүмкіндігі ұсынылды”, – делінген хабарламада.
Әуе компаниясының мәліметінше, техникалық ақауларға ауа температурасы себеп болуы мүмкін.
“Мұндай техникалық ақаулар әуе кемелерін күнделікті пайдалану барысында, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде ауа температурасының төмендеуі кезінде болуы мүмкін. Қосалқы қуат қондырғысы ұшақтың әуеде басқарылуына әсер етпейді. Алайда жерүсті рәсімдер үшін аса маңызды элемент саналады. Ол дұрыс жұмыс істемеген жағдайда, рейсті орындауға жіберілмейді. Қолданыстағы авиациялық Жабдықтардың минималды тізіміне (MEL) сәйкес, белгілі бір талаптар орындалған жағдайда қосалқы қуат қондырғысы ақауымен ұшуға рұқсат етіледі. Рейсті орындау үшін басқа әуе кемесін пайдалану туралы шешім қабылданды. FS7058 рейсі 17 желтоқсанда жергілікті уақытпен 04:21-де ұшты”, – делінген хабарламада.
FlyArystan компаниясының мәліметінше, ұшақта техникалық ақау анықталған жағдайда, әуекомпаниясы жағдай ретке келгенше ұшақтың ұшуына жол бермейді немесе әуе кемесін ауыстыру туралы шешім қабылдайды.