Алматыдан Астанаға бағыт алған Air Astana әуе компаниясының KC-851 рейсі бортында төтенше жағдай тіркелді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ұшу кезінде Airbus A321neo салонынан түтін байқалып, экипаж халықаралық талапқа сай MAYDAY апаттық дабылын жариялаған.
"Қазаэронавигация" дерегінше, ұшақ 07:40-та Алматы әуежайына аман-есен қонған. Қауіпсіздік хаттамасына сәйкес, әуежай аумағына өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтері дереу жұмылдырылған.
Алдын ала ақпаратқа сүйенсек, жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ.
Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Тексеруді көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу жөніндегі уәкілетті орган жүргізуде. Мамандар қорытынды жасалғаннан кейін қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.