Қазақстандық танымал әнші, “КешYou” тобының экс-солисі Жанар Дұғалова жеке концерт беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әнші мұны Beu Fest музыкалық фестивалінен кейін RevueNews-қа берген сұхбатында айтты.
Өнер иесінің сөзінше, мұндай қадамға баруына тыңдармандарының тұрақты сұранысы себеп болған. Жанкүйерлері оған күн сайын хат жазып, жеке концертін күтетіндерін жеткізеді екен.
“Оқырмандарым мен жанкүйерлерім күн сайын хабарласып, концерт беруімді сұрайды. Сұраныс көп. Сондықтан, Құдай қаласа, күтіңіздер!” – деді әнші.
Еске салайық, бұған дейін сахнаға қайта бірге шыққан КешYOU-дың алтын құрамы желіні жарғаны хабарланған еді.
29 мамырда Алматыдағы Орталық стадионда КешYOU тобының 20 жылдық мерейтойлық концерті өтті. Кеште көпшілік арасында “алтын құрам” атанған әншілер – Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева және Айдана Меденова қайта бас қосып, бірге өнер көрсетті. Желіде олардың бірге ән айтқан сәтінен кадрлар жарияланып, қызу талқыланып жатыр. Қазақстандықтар Threads желісінде арнайы жазба жариялап, алтын құрамды сағынғандарын ашық жазған.