Әнші Мөлдір Әуелбекова шетелден оралған сапарында жоғалып кеткен жүгінің табылғанын айтып, қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі бұған дейін екі үлкен чемоданы жоғалып кеткенін, олардың ішінде шамамен 10 миллион теңгеге бағаланатын жеке заттары болғанын айтқан еді. Әнші сол сәттегі көңіл күйін бөлісіп, жоғалған заттарының ішінде бренд сөмкелер, аяқкиімдер мен әшекей бұйымдар болғанын жеткізген.
Алайда арада екі күн өткен соң жақсы жаңалық жетті. Әуелбекованың айтуынша, чемодандары Бангкок қаласынан табылып, Алматыға жеткізілген. Ең бастысы – ішіндегі заттардың барлығы түгел сақталған.
«Қуанып отырмын! Чемодандарым табылды. Ашып қарасам, бірде-бір зат жоғалмаған. Барлығы орнында», – деп жазды әнші.
Қуанышымен бөліскен өнер иесі кейбір заттарын мұқтаж жандарға таратып, шүкіршілік білдірген. Осылайша, әншіні алаңдатқан жағдай сәтті аяқталды.