KZNews.kz
Шоу-бизнес

Әнші Мәди Рымбаев өзіне айтылған сынға жауап берді

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Әнші Роза Рымбаеваның кенже ұлы Мәди Рымбаев әлеуметтік желіде өзіне айтылған жағымсыз пікірлерге байланысты үн қатып, кәсіби музыкант екенін атап өтті, деп хабарлайды Kznews.kz.

Мәди анасының Алматыдағы концертінде өнер көрсеткен сәтінен видео жариялаған. Алайда жазбаның астына кейбір қолданушылар тарапынан сын пікірлер жазылып, тіпті "мына клоунды кім сахнаға шығарған?" деген сөздер де кездескен.

Ол мұндай әңгімеге бейжай қарай алмайтынын айтып, шығармашылық жолға көп жылын арнағанын жеткізді.

"Мен кәсіби маманмын. Музыкантпын. Жасап жүрген дүниенің бәрін өз қолыммен істеймін. Бұл жолға көп жылымды арнадым. Тональдікті білмей тұрып, мені үйреткісі келетіндерді тыңдап, төзгім келмейді", – деп жазды ол.

Сондай-ақ Мәди өзін менсінбей, еңбегін бағаламайтындарға да жауап қатқан.

"Бүгін мені менсінбегендер, ертең бәрібір алдыма келесіңдер", – деді Мәди Рымбаев.

Айта кетейік, Роза Рымбаева 7 ақпанда Алматыдағы Республика сарайында үлкен концерт өткізді. Жарты ғасыр бойы сахнада жүрген халық әртісінің шығармашылық кешінде жас орындаушылар да өнер көрсеткен. Кешке арнайы келген Димаш Құдайберген әншіге тосынсый жасап, құрмет білдіргені де айтылды.

Еске сала кетейік, Роза Рымбаева 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық ән байқауында жеңіске жетіп, кең аудиторияға танылған еді. Содан бері ол қазақ эстрадасындағы ең танымал тұлғалардың бірі ретінде сахнадан қол үзбей келеді.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →