Оқиға 21 қазанда Қызылорда қаласының орталық алаңында болған. Марқұмның туыстарының сөзінше, Нұрисламбек пен оның танысы арасында ақшаға байланысты келіспеушілік туындаған.
Отбасының мәліметінше, жанжал кезінде жасөспірімнің жүрек тұсына үшкір зат сұғылған. Ауыр жарақат алған бала ауруханаға жетпей көз жұмған. Ал оған шабуыл жасады деген күдікке 13 жастағы жасөспірім ілінген.
«Анамыз Нурик деп қайта-қайта айқайлаған»
Марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде бауырының соңғы сәттерін еске алып, оқиғаның анасының көз алдында болғанын айтты.
Оның сөзінше, анасы ұлына қауіп төніп тұрғанын байқап, жанталаса көмекке ұмтылған. Алайда баласына дер кезінде жетіп үлгермеген.
«Анамыз бірнеше рет "Нурик, Нурик, Нурик!" деп айқайлаған. Ана жүрегі бір жамандықты сезгендей. Баласына қарай жүгіргенімен, үш-төрт қадам жетпей қалды», – деп жазды марқұмның әпкесі.
Жақындарының айтуынша, оқиғадан кейін күдікті қолындағы затты лақтырып жіберіп, Нұрисламбектің анасынан кешірім сұраған.
Алайда бұл мәліметтер әзірге отбасы мүшелерінің сөздеріне негізделген.
«Біз кек алуды емес, әділдікті қалаймыз»
Қайғылы жағдайдан кейін Нұрисламбектің тағы бір әпкесі әлеуметтік желі арқылы құқық қорғау органдарына үндеу жасады.
Ол бауырының өліміне қатысты барлық мән-жайдың мұқият тексерілуін талап етті.
Отбасының алаңдаушылығына күдікті жасөспірімнің жасы да себеп болып отыр. Олардың айтуынша, 13 жастағы баланың жақын уақытта босатылуы мүмкін екені туралы ақпарат туыстарын мазалаған.
«Қазір ол қамауда отыр. Алайда оның жақын күндері бостандыққа шығуы мүмкін деген ақпарат бізді қатты алаңдатып отыр», – деп жазды марқұмның әпкесі.
Дегенмен полиция күдіктінің уақытша ұстау изоляторына емес, облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылғанын хабарлаған.
Сондай-ақ Нұрисламбектің жақындары жанжалға басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін алға тартып отыр.
Олар оқиға кезінде немесе оған дейін екі ересек адамның, яғни ер адам мен әйелдің әрекеті қандай болғанын анықтауды сұрайды.
«Біз кек алуды емес, әділдікті қалаймыз! Құқық қорғау органдарынан, прокуратурадан және басқа да мемлекеттік мекемелерден бұл істі ерекше бақылауға алып, жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді сұраймыз», – деді марқұмның туыстары.
Полиция жасөспірімнің өліміне қатысты не деді?
Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, іс абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаға қатысы бар деп күдікке ілінген 13 жастағы жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Бұдан бөлек, баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелген.
Полиция тергеу жұмыстары облыстық департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы, жанжалдың нақты неден басталғаны және әр қатысушының әрекеті қандай құқықтық баға алатыны тергеу барысында анықталуы тиіс.
Ал Нұрисламбектің отбасы баласының қазасына қатысты барлық мән-жай ашылып, әділ шешім қабылданады деп үміттенеді.