Бұл туралы Арсен Ералиев "Астарлы ақиқат" бағдарламасында әңгімелеген. Бағдарламада әншінің отбасы мүшелері өнер иесінің өмірден өткен соңғы күндерін еске алды. Арсеннің айтуынша, 2000 жылдың қараша айындағы қайғылы оқиға оның жадында мәңгі сақталып қалған. Анасының қайтыс болғаны туралы хабарды оған белгілі әнші Нағима Есқалиева мен отбасының жақын достары жеткізген.
"2000 жылдың қараша айы әлі күнге дейін есімде. Нағима Есқалиева мен анамның достары Салман мен Алексей келіп, анамның өлімін естіртті. Басында сенбедім. Өң мен түс арасында жүргендей болдым. Үйге адамдар жинала бастады. Бүкіл әншілер, туысқандар келе бастады", – деді Арсен Ералиев.
Ол қаралы хабарды қабылдау өте ауыр болғанын айтып, сол күндері өзін не істерін білмеген күйде сезінгенін жеткізді. Анасының қазасынан кейін Арсен жақындарымен бірге Қызылорда өңіріне арнайы ұшақпен аттанған.
"Сосын біз Қызылорданың Байқоңыр өңіріне чартерлік рейспен ұшып кеттік. Анамның денесін сол жерден өзім алып келдім. Әлі күнге дейін анамның күшін сеземін. Ол мені әрдайым желеп-жебеп жүреді. Уақыт өткен сайын сағына беремін", – деді әншінің ұлы.
Арсен Ералиев жылдар өтсе де анасымен байланысты естеліктерді ұмытпағанын, оның рухани қолдауын әлі күнге дейін сезінетінін айтты.
"Құран кітабын сыйлап, мешітке жиі баруымды өтінді"
Бағдарлама барысында Мәдина Ералиеваның сіңлісі Сағира Ералиева да әпкесіне қатысты естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, әнші өмірінің соңғы кезеңінде бұрынғыдан өзгеше әрекеттер жасап, жақындарына кейбір нәрселерді аманаттағандай болған.
Сағира Ералиева әпкесінің соңғы рет үйіне келген кезін ерекше толқыныспен еске алды.
"Мәдинаның бір қасиеті үйге келгенде бір шыны аяқ шай ғана ішетін. Соңғы келгенде Оралмен әңгіме айтып, дастархан басында ұзақ отырды. Сосын "Мамамыздың фотосы қайда?" деді. Мен оны өзінің алып кеткенін айттым. "Өлген адамдардың фотосын сақтап қою керек екен. Жерге тастамашы" деді", – деді ол.
Сағираның сөзінше, әпкесі сол жолы өзінің де фотосуреттерін қалдырған. Ол кезде мұндай әрекетке аса мән бермегенімен, кейін әншінің қайтыс болуына байланысты сол сәттерді жиі еске алатын болған.
"Сол кезде-ақ маған өзінің фотоларын табыстаған екен. Одан кейін Құран кітабын сыйлап, мешітке жиі баруымды өтінді. "Мешіттен келе жатырмын" десем, қатты қуанатын. Артынан Құран оқитын адамды дайындаған болып тұр", – деп еске алды Сағира Ералиева.
Әншінің сіңлісі Мәдина Ералиеваның ұлы Арсенді ерекше жақсы көргенін де айтып өтті. Оның сөзінше, Арсенге біреу дауыс көтерсе, әнші қатты ренжитін болған.
Мәдина Ералиева соңғы сапарына шығарда не айтқан?
Сағира Ералиева әпкесінің Қызылорда өңіріне аттанар алдындағы әрекеті де есінде қалғанын жеткізді. Бұрын гастрольдік сапарларға бірге шығатын әнші бұл жолы сіңлісінен үйде қалуын өтінген.
"Соңғы сапары Қызылорда өңіріне жолға шығайын деп тұрғанда, көмекшісі бола тұра, "Мен үйден күтші" деді. Бұрын олай айтпайтын. Бірақ мен бармай қалдым. Өлімін өз үйімде отырып естідім", – деді ол.
Сағира Ералиева сол кезде әпкесінің бұл сөздеріне ерекше назар аудармағанын, алайда қайғылы оқиғадан кейін бәрін қайта ой елегінен өткізгенін айтты. Оның естелігінше, әнші соңғы күндері жақындарымен көбірек уақыт өткізіп, өмірден өткен адамдардың суреттерін сақтаудың маңызын айтып, діни құндылықтарға ерекше көңіл бөлген.
Еске сала кетейік, Мәдина Ералиеваның өмірін қиған жол апатына қатысты бұрын көпшілікке белгісіз болған жайттар айтылды.
Мәдина Ералиева кім?
Мәдина Есмалайқызы Ералиева – қазақтың белгілі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол 1954 жылы 8 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген.
Әнші өзінің ерекше дауысымен, нәзік орындаушылық мәнерімен және қазақтың халық әндерін жеткізудегі шеберлігімен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.
Өнер жолында «Ақбаян», «Кірмеші жиі түсіме», «Сағым жылдар», «Сенің көзің» секілді әндерді орындап, тыңдарман жүрегінен орын алды.
Халық арасында «Қазақтың Ақбаяны» атанған өнер иесі ұлттық ән өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.
Мәдина Ералиева 2000 жылы қараша айында жол-көлік оқиғасынан қайтыс болды. Ол небәрі 46 жаста еді.
Әншінің артында жалғыз ұлы Арсен Ералиев қалды.
Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де Мәдина Ералиеваның орындауындағы әндер көпшіліктің жадында сақталып келеді.
Ал ұлы Арсен Ералиев үшін анасының өмірден өткен күні әлі күнге дейін жүрегіндегі ең ауыр естеліктердің бірі болып қалған.