Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдіктер асырап алған Жәнібек туған анасын іздеуді әлі де жалғастырып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында бұл ізденістің өзі үшін өте маңызды әрі күрделі процесс екенін жазды. Жәнібектің айтуынша, туған анасын табу жолында оған жанашыр азаматтар мен заңгерлер қолдау көрсетіп келеді.
Сонымен қатар соңғы уақытта үміт сыйлайтын жаңа деректер де пайда болған. Жәнібек іздеудің қанша уақытқа созылатынын нақты білмейтінін, бірақ жақсы жаңалықтан үміт үзбейтінін жеткізді.
"Сәлеметсіздер ме, қадірлі отбасым мен достарым. Сіздермен жүрекжарды жаңалығымды бөліскім келеді. Қымбат Досжан мен Мейірман Шекеева және тағы басқа жанашыр адамдармен бірге анамды іздеуді әлі де жалғастырып жатырмыз. Бұл іздеудің қанша уақытқа созылатынын нақты білмеймін. Мүмкін ұзаққа жалғасар, мүмкін күтпеген жерден жақын арада жақсы жаңалық болар. Соңғы уақытта бізге үміт сыйлайтын бірнеше іздер кездесті. Мен күн сайын сіздерді де, анамды да ойлаймын. Баршаңызға тек жақсылық тілеймін", – деп жазды Жәнібек.
Оның бұл жазбасы желі қолданушыларын әсерге бөлеп, көпшілік Жәнібекке туған анасын табуына тілектестік білдірді.