KZNews.kz
Қоғам

Аморализмнен арылу: "Тоқал" тақырыбы неге трендке айналды?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Қазақ қоғамы арылу, ағару үстінде деген пікірге сенгің келеді. Бұл жердегі "арылу", "ағару" ұғымын мораль тұрғысынан қарастыратынымызды ескерте кетейік.  

Яғни, қоғамдық сананың әдеп пен мораль қағидасына бейімделе отырып өзгеруіне көп үміт артамыз. Ал бұл үдеріс қалай өтіп жатыр?

Жалпы, дәстүрлі құндылықтарға иек артқан қоғамда қабылдануы қиын ұғымдар болатыны даусыз. Қазақы орта үшін аморализм түсінігі де сондай еді. Өкінішке қарай, кейінгі ширек ғасыр аралығында бұл үдерістің қанға сіңе бастағаны анық байқалды.

Әуелі аморализмнің өзіне тоқталайық. Пәлсапа мен социология ғылымы бұл түсінікті абсолютті еркіндік белгісі ретінде ішінара қарастырғанымен, әдеп пен мораль тұрғысынан алғанда жағымсыз әдетке жатқызады. Ал жалпыға қолжетімді "Уикипедия" аморализм түсінігіне қатысты "белгілі бір қоғамдағы қалыптасқан моральдық нормалар мен принциптерді жоққа шығарып, адамгершілікке жат мінез-құлықты қоғамдық тәртіптің негізі деп тану..." деген анықтама береді. Қалай атасақ та жақсы дүние емес екен. Өйткені, аморализмге шалдыққан қоғамда адамдар кез келген әдеп пен мораль шектеуін бұзып, жарып, ала жіптен қиналмай аттап өте береді-мыс.

Бұл жат әдет, әсіресе, қолында билігі бар немесе қалтасында ақшасы бар жанның бойынан табылса, тұтас қоғамның сорына айналуы кәдік. Өкінішке қарай, қазақ қоғамы осы екі қатерге қатар шалдықты. Тақырыпты саясиландырудың қажеті болмас, бірақ, аморализмнің тамыры саяси жүйеге жайыла бастағанын жасырмауымыз керек. Клептократияның қалыптасуы, олигополияның оқшаулануы, кландық жүйенің күшеюі қоғамдағы әдеп пен мораль ұғымын аяқасты етіп қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық пен әлеуметтік әділетсіздік ұғымына көз жұмып қарауға да мәжбүр етті. Ұзақ жылдарға созылған бұл аморализмге тұтас буынның еті үйреніп те кетті. Тек, жас толқынның өсіп, жетілуі мен өркениеттің дамуы ғана бұл қауіпті үрдісті тоқтата алған сияқты. Біздің қоғамның жағдайында ішкі қарсылықтың бұрқ-сарқ қайнауы қасіретті Қаңтар оқиғасымен тұспа-тұс келді.

Жә, қазақ қоғамындағы аморализмнің ашық көрінісінің бір нышаны кейінгі күндері әлеуметтік желіде жаппай, оның ішінде ас үйдегі әйелден Мәжіліс депутатына дейін талқылаған "тоқал" тақырыбынан да байқалды.

Рас, шексіз билікке ие адамдардың ашық түрде ашына ұстап, тоқал алуы осы кезеңде тіптен шарықтау шегіне шыққан екен. Соның нәтижесінде дәстүр мен зайырлы ұстанымдардың ұштасуы негізінде қалыптасқан, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың тезінен өткен отбасы институтының атрибуттары аяқ асты болды.

Жалпы, мемлекет құрылымындағы орнықты дамудың бір ұстыны отбасы институты десек, қазақ қоғамы сол ұстанымды әлсіретіп алды. Оның өте ащы жемісін қазір көріп отырғанымыз өтірік емес. Халықаралық зерттеу орталықтарының дерегінше, еліміз ажырасу статистикасы бойынша кейінгі екі жылда әлемдегі екінші орыннан түспеген көрінеді. Мысалы, биылғы мамырдағы DataPandas мәліметі бойынша ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 4,6 деңгейде болған. 

Есесіне, заңсыз неке, яғни екінші әйел алу үрдісі жағымды жағынан сипатталауына ет үйрене бастаған еді. Әсіресе, саяси элита ортасында тоқал алу мен ашына ұ стау "науқаны" заңды, заңсыз жолмен ашық түрде жүрді. Ол тіпті  қоғамдық пікір қалыптастыру деңгейінде дәріптеле бастады деуге болады. Осы тоқал тақырыбына қатысты жартылай жабық пропаганда жүре келе естеліктер мен мемуарлардың өзегіне айналды. Мұның жарқын мысалы елді 30 жыл билеген тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім" атты мемуарында көрініс табады. «Маған гүл ұсынған қыз ерекше сұлу еді. Жанары жанып тұрған құлынмүсін аққұба сұлуды біраз уақытқа дейін ойлап жүрдім… Біз мұсылман дәстүрі бойынша некемізді қидық. Әсел маған екі ұл туып берді. 2005 жылы Тауман өмірге келді, 2008 жылы Бәйкен туды» деп жазады автор.

Иә, ол Назарбаевтың өз өмірі, жеке шекарасы. Оны бұзып, жарып өтіп, жария талқылауға қақымыз жоқ. Мораль мен мәдениет қағидасына қайшы. Әрі біздің елде жеке бас еркіндігі мен өмір құпиясына  Конституцияның 18-бабы кепілдік береді. Тіпті, бұл әңгіме әлеуметтік желіде әбден талқыланып, тізесі шыққан еді...

Бірақ, сол тақырып неге трендке айналды? Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан мырзаның еркін сұхбат арасында айтып қалған бір мысалы қоғамдағы мұңды қозғап жіберді. Демек, елде некесіз туған балалардың мәселесі өзекті екен. Мұны депутат та айтты. Адам баласы түгіл, ит пен мысықтың қақы қорғалатын заманда еркек пен әйелдің махаббатынан жаралған ұрпақтың құқығы шектелмеуі керек. 

Заңгер түсіндіргендей, екінші әйел алуды заңдастыру арқылы бірнеше мәселе шешімін табуы мүмкін-ді. Оның ішінде қазір күйіп тұрған алимент дауы, дүние-мүлік бөлісі, мұрагерлік сияқты заңмен реттелетін жақтары бәрібір айқындалуға тиіс. 

Бұл елдегі отбасы саясатының нақты жүзеге асуына да жол ашар еді. Әсіресе, қоғам әлі күнге дейін қақпақылға салып келе жатқан "жалғыз басты аналар" ұғымына қатысты көзқарас өзгерері анық. Бірер жыл бұрынғы дерекке жүгінсек, елде 400 мыңнан астам толық емес отбасы бар екен. Демек, осынша адамның тағдыры қоғамды ойландыруы керек шығар. Айтпақшы, биылғы статистика бойынша 15 мыңға жуық адамның алиментке  қарызы 19 млрд теңгеге жеткені туралы тағы бір дерек бар.

Деп келгенде, зайырлы қоғам бала тағдырына қатысты бұл тақырыпты бостекі әңгіменің деңгейінде қалдырмауы керек-ті. Басқаша айтқанда, қазақы орта қанша жерден ондай ұрпақты "тоқалдан туған", "көрдемше" деп ат қойып, айдар таққанымен, адами құндылықтар тұрғысынан алғанда бәріміздің қақымыз бен құқымыз тең еді ғой...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары