Алматыда көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тағы бір маңызды жоба қолға алынып жатыр. Мегаполистегі Рысқұлов даңғылын Бұқтырма көшесімен жалғайтын алты жолақты жаңа магистраль салу жоспарланып отыр екен.
Ұзындығы 4,6 шақырым, ені 50 метр болатын бұл жаңа жол «Шығыс қақпасы» полиорталығын дамыту жобасының құрамына енген. Жоба аясында тек жаңа магистраль ғана емес, жалпы ұзындығы 17,5 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен инженерлік желілер де салынады. Жаңа жол Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен байланысып, қаланың шығыс бөлігіндегі көлік қатынасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Алматы агломерациясына кіретін елді мекендермен көлік байланысын күшейтіп, жаңа тұрғын аудандарының дамуына серпін береді деген сенім бар. Аталған уқымды жобаны жүзеге асыру мақсатында мемлекет қажеттілігі үшін шамамен 200 жер учаскесін сатып алу көзделген. Қала әкімдігі жер иелеріне тиісті хабарламалар жіберілгенін мәлімдеді.
Жалпы, Алматы еліміздегі ең ірі мегаполис ретінде көлік жүктемесінің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Қазір қалада 42 көпдеңгейлі жолайрық жұмыс істегенімен, халық саны мен автокөлік паркінің үздіксіз өсуі жол желісіне түсетін салмақты арттырып отыр. Соның салдарынан Абай, Әл-Фараби, Райымбек, Рысқұлов даңғылдары, сондай-ақ Төле би, Сейфуллин, Назарбаев және Сәтбаев көшелері күн сайын көлік кептелісі жиі болатын бағыттардың қатарына кіреді. Әсіресе Абай – Розыбакиев, Абай – Назарбаев, Райымбек – Сейфуллин, Төле би – Розыбакиев, Төле би – Назарбаев, Абай – Сейфуллин, Абай – Байтұрсынов, Абай – Желтоқсан, Сәтбаев – Әуезов және Сәтбаев – Розыбакиев көшелерінің қиылыстарында көлік қозғалысы қарбалас уақытта айтарлықтай баяулайды.
Екіншіден, жаңа магистраль қаланың шығыс бөлігіндегі көлік ағынын қайта бөліп, Үлкен айналма жолына шығатын балама бағыт қалыптастыру арқылы орталық көшелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тек жүргізушілердің уақытын үнемдеуге ғана емес, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға да оң әсер етуі мүмкін.
Жалпы, Алматының бас жоспарында көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Жаңа жолдар салу, көпдеңгейлі жолайрықтар мен инженерлік желілерді жаңғырту, қоғамдық көліктің тиімділігін арттыру және көлік ағындарын оңтайландыру мегаполистің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, Рысқұлов даңғылы мен Бұқтырма көшесін жалғайтын жаңа магистраль қаланың болашақ көлік жүйесін қалыптастырудағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі саналады.