“Аяқталмаған мәселе бар”: Жәнібек Әлімханұлы Альваресті жекпе-жекке шақырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Алматының еңбек нарығы: мегаполисте жұмыссыз жастар аз ба, көп пе?

Алматының еңбек нарығы: мегаполисте жұмыссыз жастар аз ба, көп пе?
GOV.KZ

Бәрімізге белгілі, Алматы – елдегі еңбек ресурстары ең көп шоғырланған, ішкі көші-қон ағыны жоғары мегаполис. Сондықтан мұнда еңбек саясаты жұмыссыздықты төмендетумен ғана шектелмейді. Қалаға жаңа тұрғындарды бейімдеу, жастарды алғашқы жұмыс орнына жеткізу, еңбек қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік қолдауды жұмыспен қамтумен ұштастыру және экономиканың сұранысына сай кадр даярлау қатар жүргізілуге тиіс, деп хабарлайды kznews.kz.

Ресми деректерге сүйенсек, былтыр Алматыда 98 845 жұмыс орны ашылған. Оның 86 728-і тұрақты болса, 12 117-сі уақытша жұмыс орны. Бұған қоса, шағын және орта бизнес қаланың негізгі жұмыс берушісіне айналды. 2024 жылы осы секторда 972,1 мың адам еңбек еткен, бұл Алматыдағы жалпы жұмыспен қамтудың 90 пайызына тең. Демек, халық табысын арттыру саясатының нақты нәтижесі жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының санынан ғана емес, олардың тұрақтылығы мен ресми рәсімделуінен де көрінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың маңызын айта келіп, «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі», – деген болатын. Президенттің пікірінше, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Бұл қағида Алматы үшін, әсіресе өзекті. Өйткені, мегаполистің күнделікті тынысын құрылысшылар, жүргізушілер, энергетиктер, коммуналдық сала қызметкерлері, техникалық мамандар, байланысшылар мен өндіріс жұмысшылары қамтамасыз етеді.

Қала еңбек нарығына көші-қон да елеулі ықпал етіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында Алматыдағы өңіраралық көші-қонның оң айырымы 16 934 адамды құрады. Бұл – Астанадан кейінгі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қалаға көшіп келген еңбекке қабілетті азаматтар экономиканы жаңа мамандармен толықтырады. Алайда көші-қон қарқыны жұмыс орындарына, тұрғын үйге, әлеуметтік инфрақұрылымға және кәсіптік оқыту жүйесіне түсетін жүктемені де арттырады. Сондықтан көші-қонды реттеу тіркеу мен есепке алудан әрі асып, азаматты ресми жұмысқа, біліктілікті арттыруға және әлеуметтік бейімделуге бағыттауы керек.

Жастарды еңбек нарығына тартуда цифрлық сервистер мен жұмыс берушілердің тікелей байланысы маңызды тетікке айналып келеді. 2025 жылдың басынан Алматының Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 9,7 мың жас жұмысқа орналасқан. Жалпы қала бойынша 19,5 мыңнан астам жас маман еңбекке тартылды. Жастар мансап орталығына бес мыңнан астам адам жүгініп, төрт мыңына жұмысқа орналасуға көмек көрсетілген. Ал Jobfair365 және SkillBridge сервистері арқылы 1,8 мың жас жұмыс тапқан. Бұл тәжірибе жұмыс іздеушіге бос орын ұсынып қана қоймай, оның дағдысын жұмыс берушінің талабына сәйкестендіру қажеттігін көрсетті.

Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі саясатының түпкі мәні де осында, азаматты жәрдемақыға тәуелді ету емес, өнімді және тұрақты еңбекке тарту. Биыл Үкімет осы бағыттағы 2026-2029 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарды бекітті. Алматыда әлеуметтік қолдау шаралары жұмыспен қамту бағдарламаларымен байланыстырылып отыр. 2025 жылғы 1 қазанға дейін қалада 1 819 отбасы немесе 9 063 адам атаулы әлеуметтік көмек алды.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов әлеуметтік көмектің уақытша қолдау екенін атап өтті.

– Басты мақсатымыз – жай көмек көрсету емес, азаматтардың еңбек етуіне және әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау, – деді ол.

Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтік қамсыздандыру мен жұмыспен қамтуды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Еңбекке жарамды азаматқа мамандық игеру, қайта даярлау, субсидияланатын немесе тұрақты жұмысқа орналасу ұсынылуы керек. Ал еңбек ету мүмкіндігі шектеулі адамдарға мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтер мен төлемдер толық көлемде көрсетілуге тиіс. Бұл – әлеуметтік әділдік пен жеке жауапкершіліктің тепе-теңдігі.

Тұрақты табыстың келесі негізі – сапалы білім. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі бес жастан бастап баланың болашақ біліміне қаражат жинауға мүмкіндік береді. Жүйе аясында мемлекет балаларға 60 АЕК, ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК көлемінде бастапқы білім беру капиталын қарастырады. Жинаққа жыл сайын 5 пайыз, әлеуметтік осал санаттағы балаларға 7 пайыз мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Қаражатты техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға жұмсауға болады. Бұл жүйе болашақ маманның білім алу шығынын алдын ала жоспарлап, отбасының қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.

Алматыда кадр даярлаудың жаңа моделі колледж бен жұмыс берушінің байланысына негізделіп келеді. 2026 жылы қаланың техникалық және кәсіптік білім беру бюджеті 53,3 млрд теңгеге жетті. Колледж студенттерінің 58 пайызы мемлекет есебінен білім алады. Кадр даярлау экономиканың басым салалары бойынша 131 мамандық пен 220 біліктілікті қамтиды. 2025 жылы мемлекеттік колледждерді жөндеу мен жабдықтауға жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлініп, әлеуметтік серіктестер төрт колледждің материалдық базасын 538 млн теңгеге жарақтандырды.

Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Ерік Әбішев бұл бағытты қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық салалардың бірі деп бағалады.

– Техникалық және кәсіптік білім беру – жастардың кәсіби әлеуетін қалыптастыратын стратегиялық бағыттардың бірі, – деді ол.

Жаңа модельде студент тек аудиторияда білім алушы емес, өндірістік процестің болашақ қатысушысы болуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту, кәсіпорындағы тәжірибе, тәлімгерлік, жұмыс берушілердің оқу бағдарламасын әзірлеуге қатысуы және WorldSkills стандарттарын енгізу маңызды. 2025 жылы Алматыда өткен WorldSkills өңірлік чемпионатына 200-ден астам колледж студенті қатысты. Мұндай жарыстар жұмысшы мамандығын насихаттап қана қоймай, студенттің шынайы өндірістік жағдайда жұмыс істеуге қаншалықты дайын екенін көрсетті.

Дегенмен, еңбек адамының мәртебесін көтеру оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуден басталады. 2026 жылдың алғашқы төрт айында Алматыда еңбек қызметіне байланысты 35 жазатайым оқиға тіркелген. Оның 18-і ауыр, 17-сі жеңіл зардаппен аяқталған. Ресми талдау оқиғалардың негізгі себептері қатарында жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруды, қауіпсіздік талаптарының бұзылуын және қызметкерлердің өрескел абайсыздығын көрсетеді. 2025 жылы еңбек инспекторлары өндірістік жарақатты жасырудың сегіз дерегін анықтап, жұмыс берушілерді 1,9 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Ендеше, Алматыдағы еңбек саясатының сапасы тек құрылған жұмыс орындарының санымен өлшенбеуге тиіс. Негізгі көрсеткіш – тұрақты әрі ресми жұмыспен қамту, нақты табыстың өсуі, қауіпсіз еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғаныс және білім беру жүйесінің экономика сұранысына сәйкестігі. Еңбек адамы қоғамда құрметке ие болып, жас маман оқуды аяқтаған соң жұмыс таба алғанда, ал жұмыс беруші білікті кадр мен қауіпсіз өндіріс үшін жауапкершілік алған кезде ғана «Адал еңбек – адал табыс» қағидасы күнделікті өмірдің нақты өлшеміне айналады.

 

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.