Кездесулерде инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік қолдауды күшейту және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған түйінді мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Ұлттық қор қаражатын тиімді игеру, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен өсіру және өңірдегі әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдету мәселелері басты назарда болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тұрғындардың ұсыныстары ескеріледі
Әлеуметтік қызметтер үйінде Құрылтай депутаты Айдос Сарым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Айгүл Сәдуақасова, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар, аталған жұмыс тобы мегаполистегі білім, медицина саласының өкілдерімен және Бостандық, Медеу ауданының тұрғындарымен жолықты. Іс-шаралар барысында Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген өзекті мәселелер ортаға салынып, айтылған тапсырмалардың міндет-мақсаты түсіндірілді. Оған қоса, әртүрлі сала өкілдерінің пікірі тыңдалып, ұсыныстары ескерілді.
– Біздің басты міндетіміз – Президенттің идеялары мен тапсырмаларын халыққа жеткізу, сондай-ақ аталған мәселелер бойынша азаматтардың пікірлерін, ұсыныстары мен ұстанымдарын жинақтау. Бүгінгі кездесу барысында әлеуметтік сала өкілдері мемлекеттік деңгейде шешуді талап ететін нақты түйткілдерді көтерді. Айтылған барлық ұсынысты кейіннен жүйелеп, пысықтау үшін тіркеп жатырмыз, – деді Айдос Сарым.
Ал Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Айгүл Сәдуақасова ұстаздар қауымын толғандырған мәселелерге тоқталды. Ол Президент тұжырымдамаларын халыққа жеткізуде педагогтердің орны ерекше екенін атап өтті.
– Педагогтер өз тілектерін, ұсынымдарын және ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеуге қатысты сұрақтарын жеткізді. Әрине, ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеледі – бұл ой-санамен жұмыс істеу, Президенттің «Адал азамат», «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары асында тәрбие беру. Бұл мәселеге де баса назар аударылды. Мемлекет басшысы Жолдауында инклюзивті жаңа даму орталықтарын салу және іске қосу қажеттігін атап өтті, – деді Айгүл Сәдуақасова.
Қала тұрғындарымен талқылады
Құрылтай депутаты Сергей Пономарев, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев, Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов, Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Асқат Қабашев және «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы бойынша директоры Шыңғысхан Маманов бастаған екінші жұмыс тобы Алмалы, Әуезов және Жетісу аудандарының тұрғындарымен жүздесті. Одан бөлек, Ғылым ордасында ғылыми қауымдастық өкілдерімен, Инвестициялар үйінде кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
– Кейінгі жылдары елімізде орасан зор өзгерістер болып жатыр. Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке инфрақұрылымды жаңғыртудың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ол үшін Ұлттық қорды мақсатты түрде пайдалану өте маңызды. Осы ауқымды бастаманы жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 2029 жылдың соңына дейін 6,5 триллион теңге бөлінеді. Инфрақұрылымға инвестиция құю – адам капиталына, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді салым ретінде қарастырылады. Яғни мемлекеттік қаражат экономикалық және әлеуметтік қайтарымын беруі тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік тек олардың шоттарына ақша жинап берумен ғана шектелмейді, дамыған ел құрып, оны мұра етіп қалдыру да маңызды. Сонымен қатар, республикада 70 денсаулық сақтау объектісі және 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет объектілері салынады, – деді Құрылтай депутаты Сергей Пономарев.
Табысты арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту
Ал Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына тоқталып, Президент тапсырмасы негізінде атқарылатын жұмыстарды түсіндірді. Оның айтуынша, Президент Жолдауындағы басты басымдардың бірі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.
– Бұл шешім еліміздегі 1 миллион 800 мың адамның табысын арттыруға әсер етуі тиіс. Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – денсаулық сақтау және білім беру. Президент Жолдауында еліміз бойынша жаңа медициналық мекемелер салу жоспары жарияланды. Соның ішінде Алматы қаласында жаңа көпбейінді балалар ауруханасын салу көзделіп отыр. Өткен аптада қалада үлкен онкологиялық орталықты салу бойынша жұмыстар басталып кетті. Осы Жолдау аясындағы бірінші қадам деп қабылдаңыздар. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді әрі қауіпсіз орталық қалыптастыру мәселесін көтерді. Әрбір бала сапалы білім алуға, денсаулығын сақтауға және өз қабілетін дамытуға тең мүмкіндік алуға тиіс, – деді Мейіржан Отыншиев.
Нақты секторға назар аударылды
Келесі жұмыс тобының құрамында Құрылтай депутаты Айжан Скакова, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов және Алматы қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов болды. Олар Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының тұрғындарымен, сондай-ақ IT қауымдастық өкілдерімен, қала жастарымен кездесті. Онда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымның өкілдері тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту, энергетика, су ресурсын үнемдеу мен азаматтарды қолдау жағын талқылады.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев елдегі энергетикалық сектордың бүгінгі ахуалына тоқталып, алдағы ірі жобалар туралы баяндады.
– Мемлекет басшысы әрдайым энергетика саласына ерекше назар аударады. Энергетика министрлігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі бұл – электр энергетикасының көмір генерациясын дамыту. Одан бөлек, біздің министрлік газдандыру бойынша құзіретті орган болып есептеледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі ең жоғары деңгейге жетті. Бұл 123,1 млрд. киловатт сағатты құрады. Ал түптік көлемі 124,6 млрд. киловатт сағатты құрады, яғни тапшылық бар. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті арттыру және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа генерация қуаттары қажет. 2029 жылды қоса алғанда, жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын энергетикалық қуаттар іске қосылады. Келесі жылы Алматы ЖЭО-3-те 544 МВт қуатпен қамтамасыз ететін тағы орталық іске қосу жоспарда бар. Газдандыруға тоқталсақ, қазір Алматы қаласында ешқандай үлкен мәселелер жоқ, – деді ол.
Ал Айжан Сқақова азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін іс-шаралар туралы сөз қозғады. Оның ішінде алматылықтар арасында экологиялық мәдениетті, әсіресе, су үнемдеу мәдениетін дамытудың өзектілігіне тоқталды.
– Реформаның нәтижесін әр отбасы сезінетіндей болуы керек. Қолдау шынымен мұқтаж жандарға жетуі тиіс, экономикалық өсім жаңа жұмыс орнын ашумен, нақты табыстың артуымен қатар жүруі қажет. Алматы үшін су қауіпсіздігі де аса маңызды: ауыз суды үнемдеп, мүмкіндігінше техникалық сумен алмастыруымыз керек, – деді Айжан Сқақова.
15 кездесуге 2,5 мыңға жуық адам қатысты
Жалпы, Алматыда Президент Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған 15 кездесу өтті. Оларға 2,5 мыңға жуық адам қатысты. Кездесулерге мегаполистің әр ауданындағы тұрғындар, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдері, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, IT саласының мамандары мен жастар тартылды.
Ашық диалог форматында өткен жүздесулер қатысушыларға өздерін толғандырған сұрақтарды қоюға, Мемлекет басшысының негізгі бастамалары бойынша түсініктеме алуға және өзекті мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік берді. Көтерілген барлық пікір мен ұсыныс алдағы уақытта қаралып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін назарға алынды.
Мұндай кездесулер мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпараттануын арттыруға және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар халықтың пікірін әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау және Президент тапсырмаларын жүзеге асыру барысында ескеруге мүмкіндік береді.