Инклюзивті қоғамның қалыптасуы тек пандус пен әлеуметтік төлемнің болуымен өлшенбейді. Оның маңызды көрсеткіштерінің бірі – мүгедектігі бар адамның білім алып, мамандық игеріп, еңбек нарығына еркін араласуы және өз табысын өзі табуына жағдай жасалуы. Алматыда осы бағыттағы саясат бір реттік көмек көрсетуден азаматты жұмыс орнында тұрақты сүйемелдеуге қарай бет бұрып келеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2025 жылғы қорытындысына сәйкес, мегаполисте 58 382 мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 10 202-сі – балалар. Қаладағы әлеуметтік қорғау жүйесі оңалту құралдарын ұсынумен қатар, жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқыту және кәсіп бастауға грант беру шараларын да қамтиды.
Бұл жерде патерналистік көзқарасты азайту әлеуметтік қолдаудан бас тартуды білдірмейді. Керісінше, көмек адамның дербес өмір сүруіне, қабілетін ашуына және еңбек нарығында орнығуына жол ашуы керек. Алматыда іске қосылған JobCoach жобасының ерекшелігі де осында: азаматқа бос жұмыс орнын тауып беру жеткіліксіз, оның жаңа ортаға бейімделуі мен қызметін сақтап қалуы да назарға алынады.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов жобаның негізгі тетіктерін түсіндірді.
– «JobCoach жобасы Алматыда алғаш рет енгізіліп отыр», – деді ол. Жоба мүгедектігі бар адамды жұмыс іздеуден бастап жаңа қызметіне бейімделгенге дейін сүйемелдеуге арналған. Мұндай қолдау үш жылға дейін жалғасуы мүмкін. Жұмысты қаланың Еңбек мобильділігі орталығы жүргізеді. Алғашқы жылы жобаға 300 адамды қамту жоспарланған.
2025 жылдың қорытындысында қалада мүгедектігі бар 362 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Соның ішінде JobCoach жобасы 92 адамды қамтып, 54 азамат тұрақты қызметке орналасты, тағы 38 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жіберілді. Жобада қызмет ететін бес маман Германиядағы оқу-өндірістік орталықтарда тағылымдамадан өтіп, арнайы сертификат алған.
Бұл деректер сүйемелдеу қызметінің алғашқы нәтижесін көрсеткенімен, мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Жұмыс берушілер үшін белгіленген квота мен нақты жұмысқа орналасқан азаматтар санының арасындағы айырмашылық әлі де айтарлықтай. Демек, нормативтік талаптың болуы жеткіліксіз, кәсіпорынның жұмыс орнын бейімдеуге дайындығы, ұжымдағы қарым-қатынас және қызметкердің кәсіби біліктілігі қатар ескерілуге тиіс.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Богдан Джепка жұмыспен қамту көрсеткіштерін нақтылады.
– 2025 жылғы квота шамамен 2 722 жұмыс орнын құрады, – деді ол. Нақты 1 192 адам жұмысқа орналастырылған. Еңбек мобильділігі орталығына мүгедектігі бар 2 260 азамат жүгінген. Олардың 1 835-і жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал 342 адам тұрақты жұмыс орнын тапқан.
Квотаның толық орындалмауы жұмыс орындарының қағаз жүзінде белгіленуі мен олардың шын мәнінде қолжетімді болуы екі бөлек мәселе екенін аңғартады. Кейбір азаматқа физикалық тұрғыда бейімделген кеңсе қажет болса, енді біріне икемді кесте, арнайы бағдарламалық жасақтама немесе жұмысқа жеткізетін көлік керек болуы мүмкін. JobCoach секілді тәсіл осы қажеттіліктерді қызметкермен де, жұмыс берушімен де жеке талқылауға мүмкіндік береді.
Инклюзивті жұмыспен қамтуда әлеуметтік кәсіпкерлік пен қоғамдық ұйымдардың да орны ерекше. Алматыдағы «ЖАН» мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі Азия қоғамы көру қабілеті бұзылған адамдарға компьютер мен телефон қолдануды үйретіп, оңалту құралдарын әзірлеумен айналысады. Ұйымда мүгедектігі бар қызметкерлер де еңбек етеді. Олардың жалақысының 70 пайызын мансап орталығы, қалған бөлігін жұмыс беруші өтейді.
Солардың бірі – колледж тәмамдаған техник-бағдарламашы Мейрамбек Динеев.
– Мұнда Blender бағдарламасында жұмыс істеп, таяқ ұштарын 3D-модельдеумен айналысамын, – деді ол. Мейрамбек жұмыс іздеу үшін жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Орталық мамандары оған бірнеше бос жұмыс орнын ұсынған. Соның нәтижесінде ол «ЖАН» қоғамына қызметке орналасқан. Қазір жас маман өндірістік тапсырмаларды орындап қана қоймай, кәсіби дағдыларын да жетілдіріп жүр.
Бұл – инклюзияның күнделікті өмірдегі нақты көрінісі. Адам дайын өнім мен қызметтің тұтынушысы ғана емес, оны жасайтын маманға, салық төлейтін қызметкерге және экономиканың белсенді қатысушысына айналады. Мұндай мысалдар мүгедектігі бар адамдар туралы қоғамдағы аяушылыққа негізделген түсінікті өзгертіп, олардың біліміне, тәжірибесіне және кәсіби әлеуетіне назар аударуға жол ашады.
Алматының ресми әлеуметтік саясатында да медициналық және қайырымдылық үлгіден әлеуметтік-құқықтық модельге көшу міндеті белгіленген. Бұл модель бойынша негізгі мәселе адамның денсаулық ерекшелігінде емес, оның білім алуына, қозғалуына, ақпаратқа қол жеткізуіне және еңбек етуіне кедергі келтіретін ортада деп қарастырылады. Сондықтан кедергілерді жою мемлекеттік мекемелердің ғана емес, жұмыс берушілердің, білім беру ұйымдарының және қоғамның ортақ міндетіне айналады.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудағы келесі кезең сандық жоспарды орындаумен шектелмеуі керек. Негізгі нәтиже – адамның жұмысқа орналасып қана қоймай, сол қызметте тұрақтауы, лайықты жалақы алуы және кәсіби өсуі. Ал жұмыс беруші квотаны міндет ретінде емес, білікті маман тартудың және әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асырудың мүмкіндігі ретінде қабылдауы қажет.
Ынтымақтастық рухы адамдарға тек көмек көрсетуден емес, олардың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына жағдай жасаудан көрінеді. Алматыдағы JobCoach тәжірибесі осы ұстанымды нақты тетікке айналдыруға бағытталған. Инклюзивті қоғам мүгедектігі бар адам үшін шешім қабылдайтын қоғам емес, оның өз таңдауын жасауына мүмкіндік беретін қоғам болуы тиіс.