Қалада самокаттарды басқарудың жаңа жүйесі тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды KzNews.
Алматыда жұмыс істейтін «Микромобильділіктің Бірыңғай операторы» жаздың алғашқы екі айындағы қызметін қорытындылады. Бұл жоба Қалалық мобильділік басқармасының бастамасымен, Полиция департаментінің және Jet, Яндекс Go, Whoosh секілді шерингтік компаниялардың қолдауымен 1 маусымда іске қосылған болатын. Алғашқы нәтижелер қалада самокаттарды басқарудың жаңа үлгісі тиімді екенін көрсетті: екі ай ішінде оператор скауттары дұрыс қойылмаған 827 760 электрсамокатты ретке келтірді.
Жаңа жүйенің арқасында қала көшелеріндегі тәртіп айтарлықтай жақсарып, тұрғындардан келіп түсетін шағымдар саны азайды. Есепті кезеңде операторға мемлекеттік органдар мен азаматтардан 128 өтініш келіп түскен. Скауттар патрульдеу барысында 522 техникалық ақауы бар самокатты анықтап, оларды жөндеуге жіберу үшін шерингтік компанияларға хабар берген. Қазіргі уақытта қаладағы самокат қозғалысы ең қарқынды 15 негізгі учаске тұрақты бақылауға алынған, алдағы уақытта бұл аймақтардың саны артады.
Бұл жобаның қала мен қоғамға тигізер пайдасы да зор. Екі ай ішінде скаут, супервайзер және техниктер үшін 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оператор қызметкерлері қоғамдық іс-шаралар кезінде де тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысып, мысалы, шілде айында Орталық стадионда өткен футбол ойындары кезінде кезекшілік етті. Сонымен қатар, микромобильділікті дамыту қала экологиясына оң әсер етеді: тұрғындар көлік кептелісін айналып өту үшін жиі самокатты таңдайды, бұл ауаға таралатын зиянды қалдықтарды азайтады.
Бұл бастама жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған халықаралық Vision Zero қағидаттарына толық сәйкес келеді. Алматы елімізде бірыңғай оператор моделін енгізген алғашқы қала болды. Бұл жүйе шерингтік операторлардың жұмысы үшін бірыңғай стандарттар қалыптастырып, мемлекеттік органдарға түсетін жүктемені азайтады. Бүгінде Алматының бұл тәжірибесі қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны дамытудың тиімді құралы ретінде еліміздің басқа қалаларына үлгі ретінде ұсынылуда.