Алматыда құны 1 млрд теңге болатын «Алатау» теннис орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды KzNews.
Алматыда Қала күні мерекесіне орай Алатау ауданында заманауи «Алатау» теннис орталығы салтанатты түрде ашылды. Жаңа кешен кәсіби спортшыларды даярлап, халықаралық деңгейдегі турнирлерді өткізуге бағытталған.
Орталық халықаралық стандарттарға сай салынған. Оның аумағында 4 жабық, 4 ашық және 6 грунтты корт, яғни жалпы 14 ойын алаңы бар. Сондай-ақ, мұнда заманауи жаттығу залы, медициналық кабинет пен көрермендерге арналған трибуналар қарастырылған. Кешен күніне 400-ге жуық спортшыны қабылдай алады.
Жаңа орталық тек кәсіпқойларға ғана емес, бұқаралық спортты дамытуға да үлес қоспақ. Мұнда табысы аз отбасылардың балалары үшін тегін үйірмелер жұмыс істейді, ал көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Орталық мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де толықтай бейімделген.
Бұл жобаны Қазақстан Теннис федерациясы қолдаған. Құрылысы 2020 жылы басталған нысан алғашқы мердігердің жауапсыздығынан кешеуілдеген болатын. Кейін құрылысты «Теннис Академиясы» ЖШС сенімгерлікпен басқаруға алып, аяқтады. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрады.
Айта кетейік, «Алатау» – Теннис федерациясының қолдауымен салынған 39-шы орталық. Жалпы, 2007 жылдан бері федерация тарапынан елімізде теннисті дамытуға 150 миллион АҚШ долларынан астам жеке инвестиция тартылған.