12 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді Алматы көшелеріндегі камералар жүргізушінің рөлде телефон қолданғанын және қауіпсіздік белдігін тақпағанын автоматты түрде анықтай алады, деп хабарлайды kznews.kz.
Қалалық полицияның мәліметінше, жаңа талаптарға сәйкес камералар мен дрондардың көмегімен тіркелетін құқық бұзушылықтар саны кеңейтілген. Енді жүйе көлік жүргізу кезінде телефон ұстап отырған жүргізушілерді де анықтайды.
Мамандардың айтуынша, айыппұл жүргізуші телефонмен сөйлескен жағдайда ғана емес, қозғалыс кезінде телефонды қолына ұстап отырғанының өзі тіркелсе де салынуы мүмкін.
Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, жүргізушіге көлік басқару кезінде телефон немесе радиобайланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Тек гарнитура немесе дауыс зорайтқыш арқылы сөйлесуге рұқсат етіледі.
Тыйым тек сөйлесуге ғана емес, сонымен қатар хабарлама жазуға, навигаторды қолмен басқаруға және басқа да әрекеттерге қатысты. Сондықтан қозғалыс кезінде телефонды қолда ұстау да құқық бұзушылық болып есептеледі.