Бүгін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты InterContinental қонақ үйінде туған қызын өлтірді деп айыпталған ұлыбританиялық Мохамед Баракатқа үкім шығарды, деп хабарлайды informburo.kz сайты.
Қылмыстық іс жарты жылдан астам уақыт онлайн режимде қаралды. Судья Бахытхан Бәкірбаев Hong Kong Air Cargo әуе компаниясында ұшқыш болып қызмет еткен 41 жастағы азаматтың кінәсі толық дәлелденгенін алға тартып, оны Қылмыстық кодекстің 99 бабы бойынша Қазақстанның аумағынан бес жыл мерзімге шығарып жібере отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Дәрменсіз күйдегі баланы өлтірген сотталушы енді жазасын барынша қатаң тәртіптегі колонияда өтейді.
Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға 2019 жылы 24 қазанда Алматыдағы InterContinental қонақ үйінде болды. Тергеу дерегінше, Мохамед Баракат алкогольдік ішімдік пен есірткілік зат тұтынғасын бір жасар қызы София Баракатты танымал мейманханада азаптап өлтірген. Оның қолын қанға былғауына әйелі екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған.
Ұлыбритания азаматы Мохамед Баракат Қазақстанда қолына кісен салынғалы бері бірнеше рет қорғаушы ауыстырды. Сот барысында оның мүддесін екі бірдей адвокат қорғады. Олар алғашқы күннен бастап Мохамед Баракаттың кінәсіздігін айтып, соттан оны ақтауды сұрады.
