Алматыда өткен Дженнифер Лопестің концертінде жүздеген дронның қатысуымен "КОБА" деп аталатын жаңа отандық сериалдың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды KzNews.
Кеше, 10 тамыз кешінде Алматы аспанында ерекше көрініс орын алды. Әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопес сахнада ән шырқап жатқан сәтте, жүздеген дрон бірігіп, көрермендерге «КОБА сериалы. Жақында» деген жұмбақ жазуды паш етті. Бұл тосынсый лезде әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті.
Мәлім болғанындай, «КОБА» — 2023 жылы пилоттық эпизодпен басталған ірі отандық сериал. Сол кезде ешбір қазақстандық ірі стримингтік платформа оны эфирге шығаруға келіспеген. Алайда, идея авторы әрі бас продюсер Нұртілеу Амангелді жобадан бас тартпай, екі жыл бойы қаржыландыру іздеп, сценарийді пысықтап, команда жинаған.
Жобаның ауқымын оған голливудтық маманның тартылуы да айғақтайды. «Титаник», «Бесінші элемент», «Армагеддон», «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» сияқты әлемдік блокбастерлердің визуалды эффектілері мен түс коррекциясымен танылған америкалық Джефф Олм — «КОБА» сериалының продюсері әрі колорисі. Ол сондай-ақ DreamWorks студиясының әйгілі анимациялық картиналары – «Айдаһар мінген шабандоздар», «Кунг-фу Панда 2», «Мадагаскар 3» секілді жобаларда да жұмыс істеген.
Сериалдың режиссері — Нұржан Еркінұлы.
Сериалға Қобыланды Болат, Азиз Бейшеналиев, Жалғас Жанғазин, Асан Мәжит, Қайрат Әділгерей, Бақтияр Қожа, Назар Шархан сияқты елімізге танымал актерлер түскен. Сюжеттің егжей-тегжейі құпия түрде сақталып отыр, бірақ «КОБА» қылмыстық драма мен саяси триллер элементтерін біріктіретіні белгілі. Ресми дерек бойынша, көрермендерді құпия ведомствоаралық бөлімде жұмыс істейтін қызметкердің тарихы күтеді. Өзінің сүйіктісі Әлияның жұмбақ өлімін тергеу барысында ол елорданың көлеңкелі әлемін бақылауда ұстайтын қуатты қылмыстық желінің ізіне түседі.
Сериалдың тұсаукесері 2025 жылдың күзіне жоспарланған.